2025 жылдың 9 желтоқсанында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар дипломатиялық тағайындаулар жасады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мемлекет басшысының жарлықтарымен:
Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды;
Ақан Ақасұлы Рахметуллин Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды;
Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы Өкілдігінің Басшысы Роман Юрьевич Василенко Қазақстан Республикасының Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.