Қазақстан транзиттік әлеуетін және логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясына көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, көлік вице-министрлері Мақсат Қалиақпаров, Талғат Ластаев, Жәнібек Тайжанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтер қатысты.
Онда Нұрлан Сауранбаев 2025 жылы көлік саласының негізгі көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп отырғанын хабарлады. Елдің транзиттік әлеуеті мен логистикалық мүмкіндіктері кеңейіп, қызмет көрсету сапасы артып келеді.
Осы жұмыстар аясында бірқатар шара мен ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Жол инфрақұрылымын дамыту саласында биыл 13 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылды, бұл – рекордтық көрсеткіш. Оның 4 мың шақырымын облыстық және аудандық жолдар құрайды. Жөндеу қорытындысы бойынша жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы 91%-ға жетті.
Ол сондай-ақ салмағы 25 тоннадан асатын ауыр жүк көліктерінің Қазақстанда жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдармен жүруіне тыйым салу кезең-кезеңімен енгізілетінін атап өтті. Қазақстандық автожолдар бір оське 8 тоннадан аспайтын жүктемеге есептелген. Howo сияқты машиналар тек карьерлерге арналған, олардың салмағы 60 тоннаға жетеді. Ресми деректер бойынша Қазақстанда осындай 36 мыңнан астам көлік тіркелген. Министр тыйым салу 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілмейтінін, бірақ алдымен – ірі қалаларда, содан кейін – облыс орталықтарында кезең-кезеңімен әрекет ететінін айтты. Толық тыйым 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі мүмкін.
Сондай-ақ, Нұрлан Сауранбаев Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында теміржол саласында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар туралы айтып берді. Ол «Достық – Мойынты» жобасы аяқталғанын хабарлады. Сондай-ақ, Алматы қаласының айналасындағы айналма теміржол жобасы аяқталуға жақын.
Бұдан басқа, жаңа логистикалық мүмкіндіктер ашатын «Мойынты – Қызылжар», «Мақтарал – Дарбаза» және «Аягөз – Бақты» теміржол учаскелерінің құрылысы жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2029 жылға дейін 11 мың шақырым темір жол желісіне жөндеу жүргізу жоспарлануда.