Биылғы жылдың 8 қыркүйегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының бірқатар стратегиялық басымдықтарын атап өтті. Президент табиғи ресурстарды, оның ішінде суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталып, оларды үнемдеп тұтыну мәдениетін қалыптастыруға шақырды.
«Табиғи ресурстарды, әсіресе, суды үнемдеу мәдениетіне келсек, ол жағынан үлкен кемшілік бар екенін мойындауымыз қажет. Бұл — азаматтардың, әсіресе жастардың арасындағы түсіндіру шараларының, тіпті идеология жұмысының жеке бір бағыты. Біз қазірдің өзінде судың тапшылығын сезініп отырмыз, ал оны тұтыну мәдениеті төмен», — деді ел басы.
Жалпы, суды тиімсіз тұтыну мәселесі үкіметтің күн тәртібінде ұзақ жылдан бері тұр. Су шығынын азайту, сумен қамту жүйесінің тиімділігін арттыру және ресурстарды ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыру бағытында көптеген шаралар қолға алынды.
Маңызды шаралардың бірі — 2024 жылы халық үшін әлеуметтік су тұтыну нормаларын енгізу болды. Бұл жаңашылдық тұтыну көлеміне қарай сумен жабдықтау қызметтеріне дифференциациялды тарифтерді қолдануға бағытталған:
- 3 текше метрге дейін — қолданыстағы тариф сақталады;
- 3-тен 5 текше метрге дейін — тариф 15%-ға жоғары болады;
- 5-тен 10 текше метрге дейін — тариф 30%-ға жоғары болады;
- 10 текше метрден көп — тариф 50%-ға өседі.
Үй шаруашылығы суды қаншалықты көп тұтынса, тариф соғұрлым жоғары болады. Әлеуметтік тұтыну нормаларын ескере отырып, еліміз бойынша сумен жабдықтайтын 69 ұйымның тарифтері қайта қаралды. Кәсіпорындардан тиісті өтінімдер түскен сайын бұл тәжірибе кеңейтіле береді.
Жүйенің маңызды тетіктерінің бірі — сумен жабдықтайтын ұйымдарға жаңа тарифтерден түсетін барлық қосымша қаражатты уәкілетті орган желілерді жөндеуге және жаңғыртуға бағыттайды. Егер қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны анықталса, ол тарифтік кірістен алынып тасталады, бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Яғни, тұтынудың қалыпты көлемінен асқаны үшін алынған жоғары тарифтің 100%-ы тек су инфрақұрылымын жақсартуға — тозған құбырларды жөндеуге, сорғы станцияларын жаңғыртуға, заманауи есептегіштер орнатуға және желідегі су жоғалтуларын азайтуға бағытталады. Бұл қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз етіп, барлық тұтынушылар үшін көрсетілетін қызмет сапасын арттырады.
Жалпы, сумен жабдықтауға дифференциялды тарифтердің енгізілуі түрлі бағыттарда оң нәтиже берді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша дифференциялды тарифтер қолданылатын қалаларда су тұтыну көлемі 8%-ға қысқарған.
Ал суды есептегіш құралдарымен қамтылу деңгейі 4%-ға артты. Әлеуметтік тұтыну нормаларын енгізу нәтижесінде алты өңірде, яғни, Ақмола, Ақтөбе, Түркістан, Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында ай сайын орта есеппен 1,65 млн текше метр су үнемделді, бұл — шамамен 35 мың тұрғыны бар Лисаковск қаласының бір жылдық су тұтыну көлеміне тең көрсеткіш. Жаңа нормалар енгізілгенге дейін аталған өңірлерде суды орташа тұтыну көлемі шамамен 21,1 млн текше метр болса, нормалар енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 19,5 млн текше метрге дейін төмендеді.
Осылайша, бұл механизм азаматтарды су ресурстарына ұқыпты қарауға ынталандырып қана қоймай, желілерді жаңғыртуға және коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттыруға қосымша инвестицияның бөлінуін қамтамасыз етеді. Айта кетерлігі, биылғы жылдың он айының қорытындысы бойынша сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне (оның ішінде кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және таратуды бақылау) салынған инвестициялар 593,5 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 40,5%-ға артық. Ерекше көрсеткіш Алматы қаласында байқалады, биылғы жылдың қаңтар–қазан айларында инвестициялар сомасы бір жыл ішінде екі еседен астам артып, 58,8 млрд теңгеге жетті (2024 жылдың дәл осындай кезеңінде 28,5 млрд теңге болды). Мұнымен қоса, осы кезеңде мегаполистегі инвестиция көлемі өткен толық жылдың өзінен айтарлықтай асып түсті. Демек, суға қолданылатын дифференциялды тарифтер тиімді әрі әлеуметтік тұрғыдан пайдасы бар.
Төлемдерді дұрыс есептеу үшін жеке су есептегіштерін орнату да маңызды. Енді есеп пәтерде шын мәнінде тұратын әр адам санына қарай жүргізіледі. Артық төлемдерден сақтану үшін тұрғындарға мынадай әрекеттерді орындау ұсынылады:
- есептегіш құралдарды орнатып, оларды уақытылы тексеріп отыру;
- шын мәнінде тұратын барлық адамдарды тіркеу;
- көрсеткіштерді ай сайын сумен жабдықтайтын ұйымға беру.
Бұған дейін біз есептегіш құралдарының маңызы туралы жазған болатынбыз.
Суды тиімді пайдалану бұрын тек экологиялық мәселе болып саналатын. Қазіргі таңда бұл — елдердің қауіпсіздігін, қарқынды дамуын және экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін жаһандық стратегия. Халық санының өсуі, климаттық өзгерістер, тұщы су көздерінің сарқылуы және инфрақұрылымға түсетін ауыр жүк әр мемлекетті суды пайдалану тәсілін қайта қарауға мәжбүрлейді. Сол себепті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тақырыпты өзінің әр жолдауында үнемі қозғайды.
Суға ұқыпты қарау дәстүрлі өмір салтынан бас тартуды білдірмейді. Керісінше, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, күнделікті іс-әрекеттерге аздаған түзетулер енгізу арқылы елеулі нәтижеге қол жеткізуге болады — бұл тек жеке бюджеттің тиімділігін арттырып қана қоймай, елдің бүкіл су жүйесіне де оң әсерін тигізеді.
Төменде күнделікті өмірде — үйде, жазғы тұрғын үйде немесе тұрмыста қолдануға болатын қарапайым, бірақ тиімді суды үнемдеу әдістері келтірілген. Олар өзінің тиімділігін дәлелдеді және суды ұтымды пайдаланудың заманауи халықаралық стандарттары болып табылады.