Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында құқықтық тәртіп әскерінің офицерлерін кәсіби даярлау деңгейін арттыру мақсатында «Үздік әдіскер» атағына арналған байқаудың қорытынды үшінші кезеңі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл кезеңге әскери бөлімдер мен өңірлік қолбасшылықтар деңгейінде алдын ала іріктеу сынынан мүдірмей өткен офицерлер жолдама алған еді.
Финалға құқықтық тәртіп әскерінің 17 офицері қатысып, жоғары кәсіби және әдістемелік дайындықтарын көрсетті. Мемлекеттік тіл және мемлекеттік-құқықтық дайындық, Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы, тактикалық-атыс және дене даярлығы, жалпы әскери жарғылар, байланыс даярлығы, әскери-медициналық дайындық, әдістемелік жұмыс және басшылық құжаттарды білу сынды байқау тапсырмалары офицерлердің негізгі бағыттар бойынша жеке дайындық деңгейін жан-жақты бағалады.
Конкурс комиссиясының бағалауы нәтижесінде үш номинация бойынша үздік әдіскерлер анықталды:
«Үздік әдіскер — батальон (дивизион) командирі, арнайы комендатура коменданты»
- майор Күйсов Арнат Саятұлы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5512 әскери бөліміндегі 2 жедел мақсаттағы батальонның командирі.
«Үздік әдіскер — штаб бастығы, батальон (дивизион) командирінің орынбасары»
- майор Есмағзамов Әлішер Әлібекұлы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5514 әскери бөлімі 2 жедел мақсаттағы батальонының орынбасары - штаб бастығы.
«Үздік әдіскер — батальон (дивизион) командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары»
- майор Магузов Жеңіс Еркебұланұлы, Ұлттық ұлан Академия сының 1 оқу батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары.
Жеңімпаздарды Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов марапаттады.
Бұл байқауға қатысу мен үшін маңызды кәсіби сын болды. Әртүрлі өңірлік қолбасшылықтардың офицерлерімен бәсекелесу арқылы өз деңгейімді саралауға мүмкіндік алдым. Әр кезең терең білімді, төзімділікті және нақты жағдайға бейімделе отырып шешім қабылдай білуді талап етті. Ұлттық ұланның әлеуетін арттыру жолында қызмет етуді жалғастыра беремін, – деді майор Арнат Күйсов.
Байқаудың өткізілуі білікті офицерлерді анықтап, озық тәжірибе алмасуға және әдістемелік жұмыстың сапасын қызметтің барлық деңгейінде арттыруға мүмкіндік берді.