Ұлттық қорғаныс университетінің Ұлттық ұлан факультетінде VII ведомствоаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға «Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік қызметінің өзекті мәселелері» тақырыбы арқау болды.
Жиынға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы, университет басшылығы, факультеттің педагогикалық-профессорлық құрамы мен магистранттары қатысты. Қатысушыларға Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, философия докторы, профессор генерал-майор Асқар Мұстабеков, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов конференцияның мақсаты мен көтеріп отырған мәселелерінің маңыздылығын жеткізді. Университет басшысы салтанатты жағдайда Бауыржан Садықұлына Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің «Құрметті профессор» атағының куәлігін табыс етті.
Күн тәртібінде құқықтық тәртіп әскерінің заманауи қауіп-қатер жағдайындағы рөлі, мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өзара іс-қимыл мәселелері, құқықтық режимдер кезеңіндегі қызмет ерекшеліктері мен перспективалары сынды сұрақтар қарастырылды.

– Бүгінгі басқосуда әскердің даму перспективалары, қызметтік-жауынгерлік қызметтегі түйткілдер, кәсіби құзіреттілікті арттыру мәселелері қозғалды. Сонымен қатар Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, ел Презденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектегі Жолдауында жүктелген міндеттер аясында әрі заман талабына орай, оқу-жаттығу жүйесіне жасанды инттелект пен инновациялық технологияны енгізу сұрақтарына басымдық берілді, - дейді конференцияға модераторлық еткен факультет бастығы полковник Савердин Имиров.
Пленарлық отырыста бейнебайланыс арқылы Ұлттық ұлан факультетінің бастығы полковник Савердин Имиров, Жауынгерлік дайындық бас басқармасының бастығы полковник Нұрлан Мұхамедов, факультет бастығының орынбасары полковник Ғазиз Жампейісов баяндама жасады.
«Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сакентай Шекарбеков, 5573 әскери бөлімінің командирі полковник Жандарбек Әшірбеков пен 6654 әскери бөлімінің штаб бастығы Талант Сәденов баяндамаларын бейнебайланыс арқылы оқыды.

Конференцияның екінші бөлімінде Ұлттық ұлан факультетінің, Қарулы күштердің Бас штаб академиясының магистранттарының да баяндамалары тыңдалды. Дәлірек айтсақ, Бас штаб академиясы факультетінің магистранттары да өзекті тақырыптарды қамтыды. Полковник Данат Жағыпаров «Әскерді цифрлық модернизациялау арқылы дамыту» атты баяндамасында бұл әдістің: басқару жеделдігі мен дәлдігін арттыру, әскердің жауынгерлік қабілетін күшейту, кадр даярлау сапасын жақсарту, қауіпсіздік деңгейін көтеру, қаржы мен ресурсты үнемдеу, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттікті арттыру сияқты тиімділігін жеткізді. Ал подполковник Игорь Голубенко «Экстраполяция әдісімен болашаққа бағдар» тақырыбын тарқатты. Экстраполяция - өткен және қазіргі деректерге сүйене отырып, болашақтағы үдерістерді ғылыми тұрғыда болжау әдісі. Бұл тәсіл офицердің әскери ахуалды, техникалық даму бағытын, жеке құрамның кәсіби өсімін алдын ала саралап, соған сәйкес нақты шешімдер қабылдауына мүмкіндік береді.
Ұлттық ұлан факультетінің магистранттары майор Василий Гунько «Арнайы құралдарды қолдану тобының шетелдік тәжірибесі» тақырыбында сөз қозғады.
Бұл конференцияны әскердің кәсіби даярлығын жетілдіру, оқу-жаттығу процестерін жаңғырту бағыттары, ақпараттық қамтамасыз ету жүйелерін жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу, жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктерінің бастауы деуге болады.
Майор Мөлдір Нәлібаева