Әскери бөлімнің қатаң тәртібі мен күнделікті саптың сынында шыныққан жас сарбаздың жүрегінде бір от бар. Ол өлең жолдарына деген алаулаған сүйіспеншілік. Жауапкершілік арқалап жүрсе де, шабыт шырағын өшірмей, поэзияны серік еткен жас курсант. Рухтың беріктігі мен өнердің сырын бір бойына тоғыстырған ақын.
Оралғазы Данияр 2006 жылдың қыркүйек айында Өскемен қаласы, Күршім ауданында дүниеге келген. Туған жерінің табиғатындай мінезі берік, сөзі нық. Бүгінде ол Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан Академиясының 2-курс курсанты. Бұл оқу орыны болашақ офицерлерді дайындайтын еліміздегі ірі әскери ордалардың бірі. Данияр да осы жауапты жолды саналы түрде таңдап, ел қорғаны болуға бағытталған қызметтің иесі атанғалы отыр.
Әскери орта сарбаз Даниярдың мінезін айтарлықтай шыңдаған. Бұрынғы қарапайым ауыл баласының бойына академия қабырғасы жауапкершіліктің салмағын, уақытты бағалауды және өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындауды үйретті. Күн сайынғы тәртіп пен талап оның ерік-жігерін бекемдеп, ішкі мәдениетін қалыптастырды. Бүгінде курсантты командирлері де, жолдастары да тәртібімен, жинақылығымен, өз ісіне деген шынайылығымен таниды. Әскери академиядағы оқуымен қатар, ол спорттық жеңістерге ұмтылып, қоғамдағы маңызды іс-шараларға өз үлесін қосып жүр.
Даниярдың ақындыққа бет бұруы 6-7 сыныптарда-ақ басталған. Алғашқыда достары мен сыныптастарына арналған өлеңдер жазып, жүрек толқыған сезімдерін сөзбен өрнектеді. Жас таланат өзінің шығармашылық қабілетін шыңдап, мектепте түрлі әдеби байқаулар мен сайыстарда табысты өнер көрсете білген. Соның ішінде «Жыр алыбы-Жамбыл» облыстық жас ақындар сайысында 2-орынды иеленді. Бұл жас ақынның үлкен сахнаға беттеген алғашқы қадамдарының бірі еді.
Мектепті тәмәмдағаннан кейін ол өмірін әскери қызметке арнауға бел буады. Әскери орта да жүрсе де Даниярдың шығармашылық тынысы тарылған жоқ, керісінше жаңа жетістіктерге жол ашты. Академия қабырғасында да бірнеше республикалық байқауларға қатысып, өз қатарының алды бола білген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам-Адал еңбек-Адал табыс» атты жастар арасында өткен «ҚР Жастар саясатының үздігі» атты республикалық байқауында жеңімпаз атанып, табысты жастар қатарынан көрінген. Сонымен қатар, ҰҰ Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтың атынан түрлі марапаттарға ие болып, әскери ордадағы еңбектері де жоғары бағаланған.
Ата-анасына да құрмет көрсетіліп, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов атынан алғыс хат табыс етілді.

Ақын Даниярдың шығармашылығы тек сөз бен өлең емес, оның өмірлік тәжірибесінің көрінісі. Өлеңдерінен туған жерге сағыныш, Отанға деген адалдық сынды тақырыптар жиі кездеседі. Әр өлеңі әскери күндердің сырлы сәттерін, жүрек толқынысын және ішкі дүниедегі рухани толқынысты көркем тілмен суреттеп, оқырманын ойға жетелейді. Шабыт пен курсанттық өмірдің үйлесімі оның шығармашылығын ерекше етеді. Мұны оның өлең шумақтары дәл көрсетеді:
Бір жылым өте шықты, сезілмеді.
Балақаймын әскери кезіндегі.
Жауынгерлік кейіпке еніп алып,
Ағаш қару ұстаған сезімдегі.
Ер жігіттің жақсы ғой істілігі,
Мақсаттың осы болды күштілігі.
Он жыл күткен арманым орындалып,
Бетімнен қарып өтті үскірігі.
Жүрегімнің үні бар тармағымда,
Тістеліп көрмеген ғой бармағым да.
Еңбегімнің жемісі тұр емес пе,
Қиын қыстау кезеңнің ар жағында.
Жаттықсам-бұл дертіме ем болады,
Өлең жазсам-қос иық тең болады.
Кезіндегі Біржан сал, Ақандардың,
Ізін басқан ұл қалай жем болады
Бұрын маған алынбас белес едің,
Бұйыртса тау тұлғамен теңесемін.
Анамның дұғасының арқасында,
Жарқын болып көрінді келешегім.
Алланың бергені ме-сиы мына,
Тағдырдың көніп келем тиымына.
Менде өсіп бір жерде бас болармын,
Жұлдызды жабыстырып иығыма.
Жігіт болам-қорғайтын, шеп құратын,
Ең бірінше ел қамын жеп тұратын.
Дәрежеге жетемін ел есінде,
Мәңгілік Серікұлы деп тұратын.
Жанерке Мұратқызы