Қазақстан және Гарвард ғалымдары қолжазба мұрасын сақтау бойынша ынтымақтастықты нығайтып жатыр

1133
Фотосурет: Gov

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу базасында жүзеге асырып жатқан «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» жобасы аясында қазақстандық ғалымдар делегациясы АҚШ-тың Бостон қаласындағы Гарвард университетіне ғылыми іссапармен барды, деп хабарлайды DKNews.kz

Іссапар Ахмет Ясауи университеті, Ғылым ордасы, Astana IT University және Гарвард университетінің консорциумдық келісімі негізінде жүзеге асты. Қазақстандық делегация құрамына Ахмет Ясауи университеті Ғылым департаментінің директоры, PhD Хайрулла Масадиков пен Nazarbayev University Әлеуметтану және антропология кафедрасының профессоры, PhD Ұлан Бигожин кірді.

Негізгі мақсат – Қазақстанның тарихи қолжазбаларын реестрлеу, ғылыми каталогтау және цифрландыру бойынша әлемдік тәжірибені зерделеу, сондай-ақ Гарвард университетінің және Дэвис орталығы ғалымдарымен тығыз байланыс орнату, жетекші сарапшылармен пікір алмасу және ғылыми мәселелерді талқылау, ортақ ғылыми іс-шаралар ұйымдастыру мәселесін талқылау.

Ғалымдар Гарвардтың Дэвис орталығы мен Хоутон, Вайденер кітапханаларының мамандарымен кездесіп, сирек қолжазбалар қорымен, каталогтау және цифрландырудың заманауи тәсілдерімен танысты. HOLLIS жүйесі арқылы Орталық Азияға қатысты ислам дереккөздерінің базасымен жұмыс жүргізді.

Кездесулер барысында бірлескен семинарлар, воркшоптар, ғылыми жобалар және шағатай тілін оқыту бағытында жаңа серіктестік, Қазақстанға Гарвард ғалымдарының сапарын ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланды.

Сонымен қатар Гарвард ғалымдары ғылыми жоба аясында шағатай тілінің онлайн сөздігін әзірлеу туралы бастаманы ұсынды. Бұл халықаралық деңгейдегі бірегей ғылыми өнім болмақ.

Іссапар Қазақстан ғалымдарына сирек қолжазбалармен жұмыс істеудің заманауи әдістерін меңгеруге, халықаралық ғылыми желіні кеңейтуге және жоба нәтижелерін жаңа деңгейде іске асыруға мүмкіндік берді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -