Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі мен Құрмет қарауылы ротасы Катарда өтетін І Халықаралық әскери музыка және марштар фестиваліне қатысады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл мәдени шара елдің Ұлттық күні аясында ұйымдастырылып отыр.

Фестиваль репертуары туралы Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрінің бастығы подполковник Мақсат Шәкенов айтып берді.
Фестивальде биыл 100 жылдығын атап өткен қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің әуендерінен попурри орындаймыз. Сонымен бірге көрермендерді Катардың танымал патриоттық әнімен қуантамыз. Біздің бағдарламамызды фольклорлық-этнографиялық оркестр, би тобы және Құрмет қарауыл ротасының дефилесі толықтырады, – деді ол.

Фестивальге Ұлыбритания, Иордания, Ирландия, АҚШ, Оман, Түркия және өзге де елдердің шығармашылық ұжымдары қатысады. Сондай-ақ Катардың элиталық әскери-музыкалық топтары өнер көрсетеді.

Қазақстандық әскери қызметшілер ел астанасының түрлі алаңдарында өз шеберлігін паш етіп, Ұлттық күнге арналған парадқа және гала-концертке қатысады.