Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қазақ тіліндегі әнінің арқасында TikTok жұлдызына айналды

1463
Фотосурет: polisia.kz

Ұлттық ұлан әскери қызметшісі әнімен әлеуметтік желіні тәнті етті.

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің ефрейторы Александр Нетесов "Анашым" әнін орындап, әлеуметтік желі қолданушыларының зор ықыласына бөленді.

TikTok платформасында жарияланған бейнеролик 100 мыңға жуық қаралым жинап, 8 мыңнан астам лайкқа және 1 200-ден астам жылы пікірге ие болды. Көрермендер бейнероликті жылы қабылдап, әннен шынайы эмоция мен жүректен шыққан сезімді сезінгендерін жазды.

Александр Нетесов — Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі Ерлер хорының солисі әрі концертмейстері. Оның мемлекеттік тілдегі орындауын желі қолданушылары жүрекке жететін, шынайы және қазақ халқының мәдениеті мен дәстүріне терең құрметке толы деп бағалады. Көпшілік "Анашым" әнінің оның орындауында ерекше әсерлі, жан тебірентерлік шыққанын атап өтті.

Александрдың қазақ тіліне қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол Ресейдің Кемерово қаласында дүниеге келіп, төрт жасында анасымен бірге оның туған жеріне қоныс аударған. Балалық шағы өткен шағын ауылда күнделікті қарым-қатынас қазақ тілінде өрбіген. Сол ортада өскен бала айналасындағылармен бір тілде сөйлесуге тырысқан.

Бүгінде қазақ тілі Александрдың шығармашылық жолында да айрықша орын алады. Ұлттық ұлан ансамблінің репертуарында қазақ тіліндегі шығармалар мол. Солардың бірі — ұжымның визиттік карточкасына айналған "Туған жер" әні. Бұл туындымен ансамбль елдің алғашқы тұлғалары мен шетелдік қонақтар алдында өнер көрсетіп, Ақтөбе қаласында өткен байқауда Гран-при иеленген.

Александрдың айтуынша, қазақ тілін меңгеру халықтың мәдениеті мен болмысын терең түсінуге жол ашады. Ол күнделікті өмірде қазақ тіліндегі әндер, мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестерді орыс тіліне қарағанда жиі қолданады. Сонымен қатар ол ағылшын тілін де еркін меңгерген және тіл үйренудің адамның мүмкіндігін кеңейтетініне сенімді.

Александр Нетесовтың Ұлттық ұландағы қызметі, мәдениетке құрметі және жеке ізденісі өнер мен тіл арқылы адамдарды жақындастыра алатын тұлға қалыптастыратынын айқын көрсетеді.

Үміткүл Нұр


«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -