Ақтөбе облысында қар құрсауында қалған шетелдік азаматтар құтқарылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты тас жолдарда қар құрсауында қалған азаматтарды құтқару жұмыстары жүргізілді.
Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы аумағында республикалық маңызы бар автожолының 975-шақырымында техникалық ақауға байланысты жолаушылар автобусы тоқтап қалды. Мәскеу қаласынан Тәжікстан Республикасына бағыт алған автобуста болған 57 адам, оның ішінде 3 бала ТЖД күштерімен құтқарылды. Құтқарылғандардың барлығы – Тәжікстан Республикасының азаматтары. Олар Қарабұтақ ауылындағы мешітте орналасқан жылыту пунктіне орналастырылды. Медициналық көмек қажет болған жоқ.

Сонымен қатар, бүгін Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында жергілікті маңызы бар «Жосалы – Ашылысай» автожолында да авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Қар құрсауында қалған екі автокөліктен Ташкент қаласынан Мәскеу қаласына жол тартқан Өзбекстан Республикасының 11 азаматы құтқарылды. Автокөліктер қардан шығарылып, Жосалы ауылына сүйретіліп жеткізілді.
Құтқарылған азаматтар Жосалы ауылындағы орта мектеп базасында ұйымдастырылған жылыту пунктіне орналастырылды. Олардың да медициналық көмекке мұқтаж еместігі анықталды.

ТЖМ ауа райының қолайсыз кезеңінде алыс жолға шықпауға және жол қозғалысы шектеулері туралы ақпаратты қадағалап отыруға шақырады.