Қарулы күштердің әскери қызметшілері Тәуелсіздік күнін атап өтті

1199
Фотосурет: Gov

Қарулы күштердің түрлерінде, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтарда, әскери бөлімдерде, мекемелер мен әскери оқу орындарында салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бітімгерлік операциялар орталығында мемлекеттік мерекеге орай полковник Уәлихан Бәйкеновтің басшылығымен салтанатты митинг өтті. Онда Қорғаныс министрінің жеке құрамға арналған құттықтау хаты оқылып, қызметтік міндеттерін үлгілі орындап, жоғары кәсібилігімен және адал қызметімен көзге түскен әскери қызметшілер мен қызметкерлер марапатталды.

Алматыда Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының басқармасы мен Жауынгерлік даңқ мұражайы «Тәуелсіздік – ел ұраны» атты көшпелі іс-шара ұйымдастырды. Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде әскери қызметшілер тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, жауынгерлік даңқы мен Отан қорғаушылардың ерлігіне арналған экспозиция ұсынды.

Генерал-майор Иван Панфиловтың немересі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алуа Байқадамова іс-шараның құрметті қонағы болды. Бұл ұрпақтар сабақтастығын және ел тәуелсіздігі мен бостандығын қорғаған батырлар туралы тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығын айқындады.

Мерекелік бағдарламаны Құрлық әскерлері әскери институтының оркестрі мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлері қарумен орындаған дефиле толықтырды.

Ақтау қаласында 29011 әскери бөлімінің оркестрі теңіз базасының әскери қызметшілері үшін концерт ұйымдастырды. Концерттік бағдарламада «Қазақтай ел қайда?», «Атамекен» және басқа да патриоттық әндер орындалды. Көрермендер таныс әуендерді бірге шырқап, әртістерге қолдау көрсетті. Бұл халық пен армияның бірлігін, елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғаудағы бірлескен күш-жігерін көрсетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -