Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылдан бастап Қазақстан Республикасында салық есептілігін ұсыну бойынша рәсімдерді оңтайландыруға және бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған маңызды өзгерістер енгізілетінін хабарлайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Салық есептілігін автоматты түрде қалыптастыру
Жаңалықтардың бірі – салық төлеуші салық есептілігін белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, жүйе есептілікті автоматты түрде қалыптастырып, төлеуге жататын салық сомасын нөлге тең етіп көрсетуі.
Бұл норма салық есептілігін ұсынбағаны үшін хабарламалар жібермеуге, банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдер қолданбауға және ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 272-бабы шеңберінде әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік береді, яғни бизнеске қатысты жазалау шараларын азайтады.
Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан айналымдар анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қолданылады. Ал салық төлеуші мәлімделмеген кірістерді қосымша салық есептілігін ұсыну арқылы дербес анықтаған кезде жауапкершілік шаралары қолданылмайды.
Салық есептілігін автоматты түрде қалыптастыру салық төлеушінің Жеке кабинетінде (СӘИЖ СТК) ұсынылуға жататын салық есептілігінің нысандары алдын ала көрсетілген жағдайда ғана жүзеге асырылады. Осыған байланысты салық төлеушілерге дерекнамадағы мәліметтерді уақытылы өзектендіру ұсынылады.
Салық есептілігін кері қайтарып алу қызметінің алынып тасталуы
Қателерді азайту және салық есептілігін дұрыс ұсыну мақсатында «Салық есептілігін кері қайтарып алу» қызметі алынып тасталады.
Салық есептілігі ұсынылғаннан кейін өзгерістер енгізу тек қосымша салық есептілігін беру арқылы ғана мүмкін болады. Осыған байланысты салық төлеушілер декларацияларды толтыру кезінде жауапкершілік танытып, оларды жібермес бұрын мәліметтердің дұрыстығын мұқият тексеруі қажет.
Салық органының кодын автоматты түрде анықтау
Салықтық әкімшілендірудің жаңа ақпараттық жүйесінде (СӘИЖ) негізгі салық есептілігі нысандарын ұсыну кезінде салық төлеушінің тіркеу есебінің орны бойынша салық органының кодын автоматты түрде анықтау және тарту функционалы іске асырылды.
Бұл шара есептілікті толтырудың дұрыстығын арттыруға және қателер санын азайтуға бағытталған. Сонымен бірге қажет болған жағдайда салық органының кодын дербес өзгерту мүмкіндігі сақталады.
Салық есептілігін ұсыну мерзімдерін ұзартудың алып тасталуы
Салық есептілігін ұсыну мерзімдерін бұзуды болдырмау және салық тәртібін арттыру мақсатында салық есептілігін ұсыну мерзімдерін ұзарту нормасы алынып тасталды.
Бұл салық есептілігін тапсыру мерзімін кейінге қалдыру заңнамада енді көзделмегенін білдіреді. Осыған байланысты салық төлеушілерге салық есептілігін алдын ала жоспарлап, декларацияларды белгіленген мерзімде уақытылы тапсыру ұсынылады.
Нормативтік негіз
Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы № 695 «Салықтық есептіліктің нысандарын және оларды ұсыну қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы қабылданды. Аталған бұйрықта:
- салық есептілігінің нысандары және оларды жасау бойынша түсініктемелер;
- салық есептілігін ұсыну қағидалары;
- «Салық есептілігін қабылдау», «Салықтық есептілікті ұсынуын тоқтата тұру, қайта бастау» мемлекеттік қызметтерін көрсету қағидалары қамтылған.
Салық есептілігін кері қайтарып алуды және оны ұсыну мерзімдерін ұзартуды алып тастайтын нормалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді және көрсетілген күнге дейін туындайтын құқықтық қатынастарға да қолданылады.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті барлық салық төлеушілерді енгізілген жаңалықтармен мұқият танысып, жеке кабинеттеріндегі мәліметтерді уақытында өзектендіріп, салық есептілігін дайындау мен ұсынуға жауапкершілікпен қарауға шақырады.