Қазақ елінің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең мәртебелі міндеттердің бірі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл жауапкершілік жүрегі мықты, рухы биік, азаматтық борышқа адал жастардың арқасында орындалады. Бүгінде мұндай жігерлі де намысты жас буынның басты таңдауы – Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан академиясы. Бұл оқу орны – тек офицер даярлайтын білім ордасы емес, нағыз ерік-жігер мектебі, темірдей тәртіп пен отансүйгіштікке тәрбиелейтін ортасы.
Сол асқақ армандарға қол созып, мақсат жолында нық қадам басқан жастардың бірі – Серікбай Диас, Ұлттық ұлан академиясының 2-курс курсанты.
Диас 2007 жылдың 27 наурызында Қызылорда қаласында дүниеге келген. Тәрбиелі отбасында өскен ол бойына еңбекқорлықты, тәртіпті, алғырлық пен талапшылдықты жастайынан сіңіріп келеді. Спортқа бейімділігі, жауапкершілігі және алдына қойған мақсатына адал болуы – болашақ офицерге тән қасиеттердің бар екенін ерте көрсетті.
Диастың әскери өмірге қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталды. Жоғары сыныптарда оқып жүргенде ол өз болашағын ел қауіпсіздігін қорғаумен, әскери қызметке адал еңбек етумен байланыстыратынын анық түсінді. Әсіресе, мектепке келген әскери қызметшілердің Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясы туралы айтқан әсерлі әңгімелері жас түлектің жүрегіне ерекше әсер қалдырды. Олардың салмақты сөзі, офицерлік қызметтің мәртебесі, академиядағы тәртіп пен оқу жүйесі Диастың арманына нақты бағыт берді.

Ол академия туралы толық ақпаратты ресми сайттан іздеп, қабылдау талаптары, оқу бағдарламасы, курсанттардың күнделікті өмірі жөнінде тереңірек таныса бастады. Осылайша әскери саланы зерттеген сайын оның арманы шынайы мақсатқа айналды.
— «Ұлттық ұлан академиясына түсу – бұл жай ғана мамандық таңдау емес. Бұл – өмірлік шешім. Мен өз жолымды тапқанымды сол кезде түсіндім», — дейді Диас.
2024 жылы мектепті аяқтаған соң, ол Ұлттық бірыңғай тестілеуден 60-тан жоғары балл жинап, өз арманына бір қадам жақындады. Ол үлкен жауапкершілікпен шешім қабылдап, жергілікті әскери бөлімге барып Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясына түсу үшін жолдама алады. Академияға түсу – жеңіл жол емес. Әр талапкер міндетті түрде медициналық тексерістен, психологиялық іріктеуден, және дене шынықтыру нормативтерінен жоғары нәтижемен өтуі тиіс.
Диас бұл сынақтардың барлығынан сүрінбей өтті. Бұл – оның тәртібі мен табандылығының, жылдар бойы қалыптасқан ерік-жігерінің, ең бастысы, өз арманына деген адалдығының айқын дәлелі. Сол табандылығы оны бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясының қабырғасына алып келді.
Қазіргі таңда Диас – 2-курс курсанты. Мұнда ол әскери дайындық, тактика, атыс машығы, физикалық даярлық бойынша үздік нәтижелер көрсетіп, өзін жауапты, тәртіпті, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жас ретінде танытып жүр. Курстастары арасында талапшылдығымен, ұжымшылдығымен және әскери рухымен ерекшеленеді.
Диас тек оқу мен дайындықта ғана емес, академияның қоғамдық өмірінде де белсенді. Әскери тәртіпті, бірлік пен ұжымдық рухты жоғары қоя отырып, өз қатарластарына үлгі бола біледі. Офицер болуды оның өмірлік ұстанымы, азаматтық борышқа адалдықтың көрінісі деп айтуға толық негіз бар.
Болашақ офицердің әр күні – үлкен мектеп. Диас осы жолда білімін тереңдетіп, әскери адамға тән қасиеттерді шыңдап келеді. Ол үшін академия – тек оқу орны емес, нағыз өмір мектебі, елге қызмет етудің алғашқы баспалдағы.
Бұл жол — жеңіл емес, бірақ нағыз ерлердің жолы. Ал сол жолда табандылық пен намыс барда, Диас сияқты жастар ел сенімін ақтай бермек.