Астанада ұстаздарға арналған мерекелік кеш өтті

1023
Фотосурет: Gov

Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Таным» оқушылар шығармашылық сарайында ұстаздарға арналған «Әйел бақыты – әлем бақыты» атты мерекелік кеш өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – білім саласында еңбек етіп жүрген нәзік жандыларды құрметтеу, олардың қоғамдағы рөлін айқындау және Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мерекелік көңіл күй сыйлау.

Білім басқармасының басшысы ұстаздарды құттықтады

Мерекелік кешті Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев құттықтау сөзбен ашты.

«Сіздердің білім жолында жасап жүрген еңбектеріңіз орасан зор. Жауапкершілігі үлкен жұмысты абыроймен атқарып жүргендеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамын.

Таңнан кешке дейін талмай еңбек ететін сіздер уақыт жетіспейтін кездерге қарамастан отбасыларыңызды назардан тыс қалдырмаған жансыздар. Осы орайда сіздерге және отбасыларыңызға бақыт тілеймін, жақын жандарыңыз аман болсын, көктемнің шуақты күніндей көңілдеріңіз әрқашан шуақты болсын», – деді Қасымхан Сенғазыев.

Бірқатар ұстаз марапатқа ие болды

Жиын барысында бірқатар ұстаз «Ыбырай Алтынсарин», «Еңбек ардагері» және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.

Астана қаласы Білім басқармасы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрайымы Майра Құрманбаева ұстаздардың еңбегі бағаланғанына қуанышты екенін айтты.

«Бүгін ұстаздарымыз лайықты марапаттарына ие болып жатыр. Өзім «Еңбек ардагері» төсбелгісіне ие болдым. Яғни, менің көп жылғы еңбегім бағаланып, марапатымды алдым. Өте қуаныштымын.

Қазіргі таңда білім саласындағы басшылықта болсын, ұстаздықта болсын көп әйел адам жұмыс істейді.

Бұл ретте барлық ұстаз әйелдер қауымын мерекемен құттықтай отырып, оларға әйел бақытын, отбасы шаттығын тілеймін», – деді Майра Құрманбаева.

Мереке концерттік бағдарламамен жалғасты

Мерекелік кеш барысында қазақ эстрадасының өнерпаздары Зарина Омарова, Есенжан Ерболатұлы, «Дәстүр» тобы, Нұрболат Сейітмұратов, Оралхан Алтынбек, Әлішер Қарабай, Ернұр Сұлтан және Елемес Ерболаттар ән шырқады.

Шара соңында №38, №112 және №43 мектеп директорлары мен білім беру ұйымдарының өкілдері «Ана туралы» жырды хормен орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -