Офицер болу – бұл тек киім кигеннен немесе әскери сабақтан тұратын іс емес, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл – ерлік, намыс, табандылық пен тәртіп жолы. Сол жолда өз орнын тауып, арманына адал қызмет етіп келе жатқан жас ұландардың бірі – Түскен Бекзат.
Бала Бекзаттың әскери өмірге қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталды. Әдетте жас оқушылар үшін әскери өмір – алыс елестер мен теледидардағы көріністер ғана. Бірақ Бекзат үшін бәрі өзгеше болды. 11-сыныпта оқып жүрген кезінде мектепке форма киген әскери қызметшілер келіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясы туралы, курсанттардың күнделікті өмірі мен әскери қызметтің мәні жайында әсерлі әңгіме өткізді.
Сол кездесуде айтылған әрбір сөз Бекзаттың жүрегіне терең әсер қалдырды. Әскерилердің тік бейнесі, салмақты сөзі, академиядағы тәртіп пен білім беру жүйесі жас түлекті ерекше қызықтырып, оның санасында жаңа арманның оянуына себеп болды. Ол академия туралы алғаш естіген сәттен-ақ, оқу орнының мәртебесін, болашақ офицерге берер мол мүмкіндігін сезінді.
Кездесуден кейін Бекзат академия туралы толық ақпаратты ресми сайт арқылы іздеп, қабылдау талаптары, оқу ерекшеліктері, мамандықтар және курсант өмірі жөнінде тереңірек танысты. Осылайша әскери өмір жайлы қызығушылық шынайы мақсатқа айналды.

— «Ұлттық ұлан академиясына түсу – жай ғана таңдау емес, бұл – өмірлік шешім. Сол сәтте мен өз жолымды анық тапқанымды түсіндім», — дейді Ернұр.
Сол күннен бастап ол академияға түсуді ең басты мақсатына айналдырды. Қабылдау талаптарын зерттеп, медициналық және психологиялық іріктеу кезеңдерінен қалай өту керектігін жіті қарап, өзіне нақты жоспар құрды. Бұл – болашақ офицердің алғашқы әрі ең маңызды қадамы еді.
Академияға түсу жеңіл жол емес. Әр талапкер міндетті түрде: медициналық тексеруден; психологиялық іріктеуден; дене шынықтыру нормативтерінен жоғары нәтижемен өтуі қажет.
Бекзат осы сынақтардың барлығынан сүрінбей өтті. Бұл оның жылдар бойы жинаған тәжірибесінің, спортпен айналысып шыңдаған ерік-жігерінің және арманына деген адалдығының нақты көрінісі еді. Сол арманы оны бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясына алып келді.
Түскен Бекзат спорт пен табандылықты арманына жетудің басты жолы деп білді. 9 жасынан бастап самбо мен қазақша күреспен айналысып, спорт оның өмір салтына айналды. Академияда Бекзат оқу мен әскери дайындықты қатар алып жүріп, өз қабілеттерін түрлі жарыстарда дәлелдеп келеді. Мысалы, 2024 жылдың қыркүйегінде Петропавл қаласында өткен самбо жарысында 15 команда арасынан II орын, 2025 жылдың мамырында «Қызылжар барысы» қазақша күрес турнирінде III орын, шілдеде Түркістан қаласында өткен Ұлттық ұлан чемпионатында тағы да III орын иеленді. Бұл – қажырлы еңбек пен төгілген тердің жемісі.
Егер сен де күшті, төзімді, елге қызмет етуді армандайтын болсаң, Ұлттық ұлан академиясы – сенің арманыңды шындыққа айналдыратын орын. Мұнда сенің әр қабілетің бағаланады, әр жетістігің мақтанышқа айналады. Болашақ офицердің жолы – жеңіл емес, бірақ әр қадамы сенің жеке тұлға ретінде өсуіңе, сенімділігін арттыруға және арманыңа жетуге мүмкіндік береді.
Болашақ офицердің алғашқы қадамы – міне, осылай басталады. Ал алға қойған мақсат айқын болса, оған жеткізетін жол да анық.