Қылмыстық кодекстегі жаңа бап: Қазақстан медицина қызметкерлерін қорғауды күшейтеді

1265
Фотосурет: Gov

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Мемлекет басшысының медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану және қатыгездік әрекеттері үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленген Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілетін түзетулер топтамасын қабылдады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Заң жобасы Қылмыстық кодекске қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жүргізушілерінің өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін жаңа бап енгізуді көздейді.

Ұсынылып отырған нормаларға сәйкес:

  • күш қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді;
  • аталған әрекеттер ауырлататын мән-жайлармен жасалған жағдайда жаза қатаңдатылып, 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде белгіленеді;
  • өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес күш қолданғаны үшін 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді;
  • өмірге және денсаулыққа қауіпті күш қолданғаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.

Сонымен қатар, заң жобасында Қылмыстық-процестік кодекске осы санаттағы істер бойынша алдын ала тергеп-тексеру мен анықтауды ішкі істер органдарының құзыретіне бекіту нормасы енгізіледі.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметке медицина қызметкерлеріне күш қолдану және қатыгездік көрсету арқылы жасалатын шабуылдар үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірлеуді тапсырған болатын.

Президент мұндай оқиғалар медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен жағдайына зиян келтіретінін атап өтіп, олар «Заң және тәртіп» қағидаттарына сәйкес құқықтық алаңда қатаң түрде тоқтатылуы тиіс екенін атап өтті.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, мейіргерлерге және денсаулық сақтау жүйесінің басқа да қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл дерегі тіркелген, ал биылғы жылы ғана мұндай 58 факт анықталған.

Медицина қызметкерлері мен пациенттердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында бүгінде ел бойынша 152 стационарда тәулік бойы жұмыс істейтін полиция посттары орналастырылған.

«Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп Астана және Алматы қалаларында жедел медициналық жәрдемнің 10 бригадасын смарт-бейнежетондармен жабдықтау бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Жобаның тиімділігі пациенттермен туындайтын жанжалды жағдайлардың 90%-ға дейін төмендегенін көрсетті.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі 2,1 мыңнан астам жедел медициналық жәрдем фельдшерін 3,6 мың бейнежетонмен қамтамасыз ету, медициналық ұйымдарда жасанды интеллект талдауы бар бейнебақылау жүйелерін енгізу, сондай-ақ 636 қабылдау бөлімшесінде дабыл түймелерін орнату мәселелерін пысықтауда.

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан азаматтарын медицина қызметкерлеріне құрметпен және жауапкершілікпен қарауға шақырады. Әрбір медицина қызметкері — денсаулық сақтау жүйесінің тірегі, күн сайын өмірді сақтап, шұғыл және сын-қатерге толы жағдайларда көмек көрсетіп жүрген жандар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -