Қазақстанда белсенді әрі дарынды жастарды қалай қолдайды

1408
Фотосурет: Сурет GPT нейрожелісі арқылы жасалды

Бүгінде Қазақстан жастарының саны – 5 миллион 817 мың адамға жетті. Бүгінде олар ел халқының үштен бірі бөлігін құрайды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бастамашыл, дарынды, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары қазіргі жастар – елдің ертеңін қалыптастыратын негізгі буын.

Осы орайда жыл сайын еңбектері мемлекеттік деңгейде бағаланып жүрген белсенді жастардың рөлі айрықша. Жастардың көшбасшылығы мен бастамасын қолдайтын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты мен «Дарын» мемлекеттік сыйлығын тағайындауға арналған конкурстар дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

«Мен қашан да Қазақстанда жастар үшін барлық жағдай жасалғанын айтудан жалықпаймын. Қай бағыт, қай сала болмасын қолдау білінеді. Гранттар, шәкіртақылар, даму мүмкіндіктері бар. Ал мұндай номинацияға ие болу — үлкен мәртебе. Біз өз ісімізді марапат күтпей де адал атқаруға дайынбыз», – дейді биылғы «Дарын» сыйлығының «Қоғамдық қызмет» номинациясы бойынша лауреаты Меруерт Өтегенова.

Жыл ішінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының 2024 жылғы 30 жеңімпазы өз жобаларын жүзеге асырды. Әр жобаға мемлекет тарапынан 3 миллион теңгеден бөлінді. Мәселен, Атырау қаласының тұрғыны Әнел Маратова Даун синдромы бар балалардан құралған инклюзивті театр ашты, ал Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистрі Әнел Әубәкірова елдегі алғашқы этно-мюзикл құрды.

Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту және қолжетімді тұрғын үй мәселелері. «Отау», «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларының арқасында 5,7 мыңнан астам жас қазақстандық баспаналы болды. Сонымен қатар 17 өңірде жас мамандарға арналған өңірлік ипотекалық бағдарламалар жемісті жүзеге асып келеді.

Соңғы үш жылда мемлекеттік қолдау жүйелі шараларының нәтижесінде жас кәсіпкерлер саны 12,1% артты. Бүгінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1%, бұл – өңірдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы да қарқынды дамып келеді. Жобаны іске асыруда «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтары негізгі рөл атқарады. Биыл маусымдық жұмыспен 35,9 мың жас қамтылды, бұл жоспарлы көрсеткіштен 19,8% жоғары. Қатысушылардың шамамен 40%-ы – ауыл жастары.

Сонымен қатар Жастар ресурстық орталықтарының желісі жетілдірілді. Қазіргі таңда елде 235 орталық жұмыс істейді, олар жастарға, әсіресе осал санаттағы азаматтарға көмек көрсетеді.

Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру аясында жалпы сомасы 750 миллион теңге болатын 6 жаңа гранттық жоба іске асты. Бұл бастамалар нашақорлық, лудомания және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған.

Осы гранттық қолдау аясында енгізілген «MERGEN» жүйесінің көмегімен 5 мыңнан астам есірткі дүкені анықталып бұғатталды, жарнама сайттарындағы 120 мыңнан астам хабарландыру тексерілді.

Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау да маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. 94 жастар денсаулық орталығының жұмысы нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы жүктілік деңгейі 43%, ал аборттар саны 30% төмендеді.

Министрлік назарындағы маңызды бағыттардың бірі — отбасы институтын нығайту және отбасылық қиындықтардың алдын алу. Осы мақсатта Отбасын қолдау орталықтарының (ОҚО) желісі 33-тен 131-ге дейін көбейтілді.

Бір жыл ішінде ОҚО-ларға өмірлік қиын жағдайға тап болған 45 мыңнан астам қазақстандық жүгініп, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңес алды. 15,4 мың отбасыға кешенді көмек көрсетілді.

Сонымен қатар биыл ОҚО-лар арнайы әдістеме бойынша некеге тұруға өтініш берген азаматтарға тегін кеңес беру мен оқытуды бастады. Қазіргі кезде өңірлерде 300-ден астам жұп оқу бағдарламасын сәтті аяқтады.

«Бақытты отбасы» жобасы ажырасқан отбасылардың қайта татуласуына ықпал етті. 2024 жылы істердің 37,5%-ы татуласумен аяқталған, бұл кеңес беру және медиация шараларының тиімділігін дәлелдейді. Некеге дейінгі кеңес беру пилоттық жобасы оң нәтиже беріп, барлық өңірде кеңінен енгізу жоспарланған.

«Ата-аналар академиясы» және «Saulyq Life» жобалары жауапты ата-ана мәдениеті мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етті.

Отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіледі. Байқау ұйымдастырылған жылдарда 20 мыңнан астам қазақстандық отбасы қатысты.

Қазақстан Республикасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне арналған Ұлттық баяндама әзірленді.

Гендерлік саясатты іске асыру саласында Қазақстан әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою және теңдікті нығайту бағытын ұстануды жалғастырады. Гендерлік стереотиптерді жою, құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау тәсілдері бойынша оқыту іс-шаралары тұрақты түрде өткізіледі.

Мәселен, «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы аясында елдің барлық ірі оқу орындарында студенттерге арналған цифрлық қауіпсіздік және зорлық-зомбылықты тоқтату тақырыптарында семинарлар ұйымдастырылды, оның ішінде ақпараттық кеңістіктегі қауіптер де қамтылды.

Сондай-ақ әйелдер көшбасшылығы бойынша семинарлар да ұйымдастырылып тұрады. Атап айтсақ, «Томирис» ақпараттық-білім беру бағдарламасы және өзге де алаңдар жұмыс істейді.

Жас ғалымдар үшін Қазақстан қоғамдық даму институты мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының сайттарында жастар, отбасы және гендерлік саясат салаларындағы өзекті зерттеулер қолжетімді. Сонымен қатар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті ұйымдастыратын алаңдарда, конференциялар мен форумдарда зерттеулер ұсынуға мүмкіндік бар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -