Алматы мен Жетісу облыстарының бірқатар елді мекендерінде азаматтық қорғау жүйесін нығайтуға және ауыл тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында жаңа ерікті өрт сөндіру бекеттерінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.


Іс-шаралар барысында Алматы облысы Қарасай ауданының Береке ауылында, Балқаш ауданының Ақкөл ауылында, Жамбыл ауданының Қазыбек бек ауылында, сондай-ақ Жетісу облысы Қаратал ауданының Алмалы ауылында өрт сөндіру пункттері ашылды. Аталған пункттер бірнеше елді мекенді өрттен қорғауды қамтамасыз етіп, жалпы саны 22 мыңнан астам тұрғынды қамтиды.


Салтанатты ашылу рәсімдеріне Алматы және Жетісу облыстары Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен өкілдері, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, демеушілер және елді мекен тұрғындары қатысты.

Жаңа өрт сөндіру бекеттері Береке, Елтай, Исаево, Ақкөл, Көкжиек, Қазыбек бек, Көкдала, Алмалы және оған іргелес елді мекендердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бөлімшелер арнайы дайындықтан өткен жеке құраммен және заманауи өрт сөндіру техникасымен жабдықталған, бұл өрттер мен өзге де төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Өрт сөндіру бекеттерінің барлық ғимараттары тәулік бойы қызмет атқаруға қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген. Мұнда өрт техникасына арналған бокс, диспетчерлік, қызметтік және тұрмыстық үй-жайлар, соның ішінде демалыс бөлмесі, асхана және душы бар санитарлық торап қарастырылған.


Аталған өрт сөндіру пункттерінің ашылуы өңірдегі қауіпсіздік инфрақұрылымын едәуір нығайтып, шалғай ауылдық елді мекен тұрғындарының қорғалу деңгейін арттыруға, сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесін одан әрі дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.