IT, кино, сән және геймдевелопмент: бүгінде елдің креативті экономикасын не қалыптастырып отыр

1265
Фотосурет: freepik.com

Креативті индустрияны дамыту мақсатында шығармашылық салаға қолдау көрсету үшін  Корпоративтік қордың ашылуы маңызды қадам болды. Жаңа институттың негізгі міндеті – таланттарды іздеу, жобаларды дамыту және отандық креативті өнімді халықаралық нарыққа шығару. Қор аумағында заманауи көрме залы ұйымдастырылып, авторлар анимация, цифрлық контент және басқа да креативті жобаларын ұсына алады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қорды қаржыландыру үшін біріккен лотерея табысының 3%-ы аударылатын болады, сонымен қатар республикалық бюджеттен (әр жыл сайын азайып тұрады) демеушілер мен қайырымдылық қаражаттары бөлінетін болады. Бұл механизм креативті жобаларды тұрақты қолдауға және жаңа индустрияларды дамытуға мүмкіндік береді.

Соңғы бір жыл ішінде шығармашылық, өнер және ойын-сауық саласына салынған инвестициялар көлемі 30% өскен. Сондай-ақ былтыр креативті өнімнің экспорты 250 млрд доллардан асты.

Бүгінде креативті сектордың қосылған құны 2 млрд доллардан асты. Айта кету керек, креативті индустрия субъектілері жеке табыс, корпоративтік табыс салығы және ҚҚС төлемей, тек 2–4% бірлескен салық төлейді, ал заңды тұлғалар үшін бұл көрсеткіш – 8%. Салық жеңілдіктерінің нәтижесінде креативті индустриядағы субъектілер мен қызметкерлер саны 15% өсті. Қазіргі кезде 46 667 микро, шағын және орта бизнес субъектісінде 143 мың адам жұмыс істейді.

Креативті секторда IT мен геймдевелопмент, кино мен анимация, сәулет пен сән, фото және қолөнер салалары айрықша орын алады. Ең көп креаторлар Алматы, Түркістан және Қарағанды облыстарында тіркелген. Сонымен қатар,  үш ірі қала – Астана, Алматы және Шымкент те көш бастап тұр.

Одан бөлек, креативті хабтар Қазақстанның барлық 20 өңірінде ашылды. Бұл мақсатқа екі жыл ішінде орындалды. Айта кетсек, әкімдікке өңірлік бюджет есебінен осындай орталықтар құру құқығы берілген, бұл креативті инфрақұрылымды тұрақты және қолжетімді етеді.

«Қазір елде креативті салаға үлкен көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі түрде жүргізіліп, креаторлардың мүдделері іс жүзінде қорғалып жатыр. Мәжілісте 43 ЭҚЖЖ-ның қорғалуы да өз алдына көрсеткіш. Сонымен қатар креативті салаларға арнайы салық режимі енгізілді. Демек,  айтарлықтай даму байқалады», – дейді Қарағанды қаласының сән дизайнері Меруерт Мухамедиярова.

Бұл ірі реформалардың жүзеге асуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы негіз болды. Президент креативті секторды стратегиялық бағыт ретінде бірнеше рет атап өтіп, оның ұлттық бірегейлікті нығайтуға және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін сөз етті.

Биыл Президент креативті индустрияны дамытудың негіздерін бекітетін заңға қол қойды. Құжат мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы биліктің өкілеттілігін анықтады. Сондай-ақ креативті индустрия субъектілеріне қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсетудің тәртібін белгілейтін мемлекеттік қолдау және ынталандыру ережелері әзірленіп, қабылданды.

Сондай-ақ бұл саланы дамыту мәселесін Мемлекет басшысы халықаралық деңгейде көтерді. Мысалы, Душанбе қаласында өткен «Орталық Азия – Ресей» форумында Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдеріне таланттарды қолдау және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында креативті индустриялар ассоциациясын құруды ұсынды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жылы Алматыда Түркі дүниесінің креативті индустриясы форумы өтеді.

Заңнамалық базаны жетілдіру жұмысы жалғасуда. Мәжілісте креаторларды қолдаудың екінші пакеті қабылданды.

Атқарылған жұмыстың нәтижесінде Қазақстан халықаралық рейтингтерде жоғары бағаланды. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы Global Innovation Index рейтингінің «Креативті индустрия және қызметтер» көрсеткіші бойынша еліміз 65-орыннан 61-орынға көтерілді. Ал екі жыл бұрын Қазақстан бұл тізімде 90-орында тұрған еді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -