Бас көлік прокуратурасының, inDrive сервисінің және «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторының бірлескен күш-жігерімен Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы қозғалысқа енгізілетін уақытша шектеулер туралы ақпаратты жүргізушілерге жедел жеткізудің цифрлық механизмі іске асырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жаңа функционал аясында уәкілетті орган белгілейтін қозғалысты уақытша шектеулер туралы ақпарат елдің барлық аумағы бойынша тиісті маршруттармен сапарларды жоспарлау кезінде inDrive сервисінде автоматты түрде және кідіріссіз көрсетіледі.
Бұл жүргізушілерге жол қозғалысын ұйымдастырудағы өзгерістерді дер кезінде ескеруге мүмкіндік береді.
Айта кетерлік жайт, ауа райының қолайсыздығына байланысты ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан бастап республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік құралдарының қозғалысына 320 рет уақытша шектеу қойылды.
Жол қозғалысына қатысушыларды жедел ақпараттандыруға бағытталған цифрлық шешімдерді іске асыру жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтуға септігін тигізеді.