Тарифтік саясат коммуналдық және байланыс салаларында инвестициялардың басты драйверіне қалай айналды
2025 жылы Қазақстанда инфляция қарқыны қыркүйек айына дейін жеделдеп, қазан, қараша айларында аздап бәсеңдеді. Қараша айының қорытындысы бойынша инфляция 12,4%-ға жетті (бір жыл бұрын 8,4% болды).
Жылдық тұтыну бағалары индексінің негізгі құрамдас бөліктері мынадай:
- азық-түлік тауарлары — 113,4%;
- ақылы қызметтер — 112,3%;
- азық-түлікке жатпайтын тауарлар — 111,2%.
Қандай тауарлар мен қызметтер инфляциялық қысымды күшейтіп отыр?
Қараша айында инфляцияның артуына ең көп үлес қосқандар:
- азық-түлік өнімдері мен алкогольсіз сусындар — 5,17 п. т. (үлесі — 41,8%);
- денсаулық сақтау қызметтері — 1,51 п. т. (үлесі — 12,2%);
- тұрғын үй қызметтері, су, электр энергиясы, газ және өзге де отын түрлері — 1,21 п. т. (үлесі — 9,8%).
Үшінші — коммуналдық қызметтер соңғы бірнеше жыл бойы қызмет көрсету саласы ішінде инфляциялық қысымның негізгі көздерінің бірі болып отыр. Сондықтан бұл бағытқа жеке тоқталып, халық үшін ең қажетті коммуналдық игіліктердің бағасы қалай өзгергенін егжей-тегжейлі қарастырайық.
Осы орайда бірден айта кетейік, коммуналдық тарифтердің күрт қымбаттауы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске қосылуымен байланысты. Бағдарламаның мәні — тарифтерді көтеру арқылы жиналған қаражатты коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңартуға салу.
Толық көрініс қалыптастыру үшін баға динамикасын 2020 жылғы желтоқсанмен салыстыра отырып, яғни ұзақмерзімді кезең аясында қарастырайық. Осы кезеңде коммуналдық қызметтер бағасының индексі мынадай деңгейде қалыптасты:
- су бұру — 206,3%;
- қоқыс шығару — 204,7%;
- электр энергиясымен жабдықтау — 180,1%;
- тұрғын үйлерге қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары — 163%;
- орталықтандырылған жылу — 159,8%;
- тұрғын үйді күтіп ұстау — 158,1%;
- суық сумен жабдықтау — 157,3%;
- ыстық сумен жабдықтау — 152,5%;
- тарату желілері арқылы жеткізілетін газ — 146,8%;
- ұялы байланыс — 144%.
Осылайша, баға өсімі айқын байқалған қызметтер қатарында су бұру, қоқыс шығару және электр энегиясымен қамтамасыз ету бар.
Ал ең төмен өсім ұялы байланыс қызметтерінде байқалды: баға индексі шамамен бес жылда 144%-ды құрады (яғни, 2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда). Бұл көрсеткіш жалпы қарастырылып отырған кезеңдегі орташа инфляция деңгейінен және қызметтер бағасының индексінен айтарлықтай төмен.
Қоғамда мобильді операторлардың тарифтері жылдам өсіп жатыр деген пікір жиі кездеседі. Шын мәнінде жағдай мүлдем басқаша. Ресми деректер көрсетіп отырғандай, байланыс қызметтері бойынша қарқынды өсім байқалмайды, осы сектордағы баға өсімі басқа коммуналдық қызметтерге қарағанда едәуір баяу. Мысалы, биылғы жылдың қараша айының қорытындысы бойынша байланыс саласының жылдық инфляцияға қосқан үлесі бар болғаны 0,16 пайыздық тармақты немесе 1,3%-ды құрады, басқа құрамдас бөліктермен салыстырғанда ең төмен мәнге ие. Ал коммуналдық қызметтер болса инфляцияның негізгі үш факторы қатарына кіреді. Бұл байланыс қызметтері бағасының қозғалысы жалпы инфляция деңгейіне іс жүзінде әсер етпейтінін білдіреді.
Енді коммуналдық және байланыс қызметтері бағасының өсімі басқа тауарлар мен қызметтер бағасының өсімінен қалай ерекшеленетінін қарастырамыз. Коммуналдық қызметтер мен байланыс тарифтерінің өсімі реттеледі және инфрақұрылымды жаңғыртуға салынатын инвестицияларға әсер етеді, ал басқа тауарлар мен қызметтердің бағасы негізінен нарық конъюнктурасы мен жалпы инфляциялық қысымның ықпалымен өседі.
Жоғарыда атап өткеніміздей, президентіміздің бастамасымен «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама тозығы жеткен коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған. Бағаны бірнеше жыл бойы ұстап тұру желілердің жағдайының нашарлауына себеп болды.
Тарифтік реттеу қағидаты қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастады. Біріншіден, бағдарлама іске қосылғалы бері жылу және басқа да коммуналдық желілерде ірі апаттар тіркелген жоқ, ал бірнеше жыл бұрын Екібастұзда, Риддерде, Теміртауда және өзге өңірлерде орын алған ірі апаттарды жұрт ұмытқан жоқ. Екіншіден, тарифтердің өсімі есебінен инвестиция көлемі айтарлықтай ұлғайып отыр.
Мәселен, биылғы жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында электр энергиясыменмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптау салаларындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,4 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 60,5%-ға артты. Ал сумен жабдықтау, кәріз жүйесі және қалдықтарды жинау мен бөлуді бақылау секторындағы капитал салымдары 593,5 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 40,5%-ға көп. Яғни, инвестициялардың айқын өсімі байқалып отыр, бұл тарифтердің көтерілуін экономикалық тұрғыдан негіздейді. Егер тарифтер көтерілмесе, желілердің тозу мәселесі одан әрі ушығып, экономика үшін ғана емес, азаматтардың денсаулығы мен өмірі үшін де елеулі қауіп төндірер еді.
Ұқсас жағдай ұялы байланыс саласында да қалыптасып отыр. Барлығымыз жоғары жылдамдықты интернет пен тұрақты, үздіксіз байланысты қалаймыз, алайда бұл ауқымды инвестицияларсыз мүмкін емес. Бүгінде байланыс қызметі коммуналдық игіліктер секілді халыққа қажет негізгі қызметтердің бірі болып отыр. Байланыссыз ештеңе жұмыс істемейді, өйткені ел экономикасы толық цифрлық форматқа көшті. Тіпті дәрігерге жазылу үшін де байланыс қажет.
Байланыс қызметінің құнының қалай қалыптасатынын және инфрақұрылымға салынатын инвестициялардың маңыздылығын түсінетіндер аз. Инвестициялардан бастайық.
2025 жылдың қаңтар–қазан айларының қорытындысы бойынша ақпарат және байланыс саласына салынған инвестициялар шамамен 300 млрд теңгеге жетті, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 25%-ға көп. 2023 жылдан бері телекоммуникация секторындағы капитал салымдары жоғары өсім қарқынын көрсетіп келеді.
Тағы бір маңызды жайтты атап өтейік, мобильді байланыс операторлары инфрақұрылымға инвестицияларды негізінен өз қаражаты есебінен салады, 2025 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша бұл қаражат сектордағы негізгі капитал салымдарының 93,5%-ын құрады. Коммуналдық салада жағдай басқаша: инвестициялардың негізгі бөлігі бюджет қаражатынан және даму институттары беретін қарыздар есебінен түседі. Қарапайым тілмен айтқанда, байланыс операторлары Қазақстандағы телеком саласын дамытуға өз қаражатын салады. Тарифтер ұзақ уақыт бір деңгейде ұсталып тұрса, бұл Екібастұз, Риддер және басқа өңірлерде жылу жүйелерінде орын алған жадайларға ұқсас салдарға алып келуі мүмкін. Инфрақұрылымды жаңғыртпайынша сапалы қызмет көрсету мүмкін емес — бұл коммуналдық секторға да, байланыс саласына да қатысты мәселе.
Телеком саласындағы инвестиция көлемінің айтарлықтай артқанына қарамастан, операторлардың тарифтері ең төмен қарқынмен өсіп отыр және халықтың сатып алу қабілетіне аса әсер етпейді. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес халықтың байланыс қызметтеріне жұмсайтын шығындарының жалпы шығыстарға шаққандағы үлесі небәрі 3,4%-ды құрайды, бұл өте төмен көрсеткіш болып саналады. Сонымен қатар соңғы 15 жыл ішінде бұл көрсеткіш айтарлықтай өзгермеді, ал ұзақмерзімді кезеңде тіпті төмендеу үрдісі байқалады. Басқаша айтқанда, азаматтардың табысы мен жалпы шығыстары байланыс тарифтеріне қарағанда жылдамырақ өсіп келеді, бұл Қазақстандағы байланыс қызметтерін барынша қолжетімді етеді.
Бұдан бөлек, елдегі кейбір мобильді операторлар «өзгермейтін» тарифтерді ұсынуда. Мәселен, Tele2 бір жылға бағасы «өзгермейтін» екі тарифті іске қосты: «Менің пайдам» — 2 495 теңге және «Плюста бол» — 2 995 теңге (1-ірінші айға 50% жеңілдікпен). Осындай акциялар жыл бойына сенімділік беріп, жағдайды нақты бағалауға мүмкіндік туғызады.
Жалпы көріністі түсіну үшін байланыс тарифтерінің қалай түзілетінін және оған не әсер ететін талдайық. Байланыс тарифтерінің түзілуі негізінен оператор шығындары мен макроэкономикалық ахуалға байланысты.
1. Электр энергиясы мен коммуналдық қызметтер бағасының өсуі
• Мобильді операторлар базалық станциялардың, деректер орталықтарының және желілік инфрақұрылымның үздіксіз жұмысына байланысты электр энергиясын ең көп пайдаланатын ірі тұтынушылардың қатарына жатады.
• Энергия ресурстары тарифтерінің қымбаттауы операциялық шығындардың автоматты түрде өсуіне алып келеді және түпкілікті қызмет құнына қосылады.
2. Телекоммуникациялық жабдықтардың қымбаттауы
• Желілік жабдықтардың басым бөлігі сырттан алынады (Huawei, ZTE, Ericsson, Nokia және басқалары).
• Олардың құнына мынадай жағдайлар ықпал етеді:
◦ микроэлектроника мен логистикаға қатысты әлемдік бағалардың өсуі;
◦ жеткізу тізбегіндегі үзілістер;
◦ санкциялық шектеулер мен жеткізу арналарының күрделенуі.
• 4G және 5G желілерін жаңғырту қымбаттап, іске асыру мерзімі ұзаруда, осыған байланысты тарифтерді қайта қарастыру қажет болады.
3. Теңгенің әлсіреуі
• Валюталық ауытқулар негізгі факторлардың бірі болып саналады.
• Импорттық жабдықтар, бағдарламалық қамтамасыз ету, лицензиялар, қосалқы бөлшектер мен сервистік келісімшарттар долларда/еурода/юаньда төленеді.
• Құнсыздану операторлардың капиталдық және операциялық шығындарын арттырып, желілердің жұмысын қамтамасыз етуді қымбаттатады.
4. Салықтық және реттеуші ортадағы өзгерістер
• Салық жүктемесінің өсуі, базалық мөлшерлемелердің көтерілуі және радиожиілік спектріне қатысты міндеттемелердің өзгеруі желілерге қызмет көрсету құнын арттырады.
• Лицензиялық алымдар, спектр ақысы және реттеуші талаптар (байланыс сапасы, деректерді жергілікті сақтау және басқалары) де өзіндік құнның өсуіне әсер етеді.
5. Инфляциялық ахуал
• Экономикадағы бағаның жалпы өсімі:
◦ қызметкерлердің еңбекақысына;
◦ логистикаға;
◦ IT-қолдауға;
◦ мердігерлердің қызметтеріне әсер етеді.
• Инфляция тарифтерді жүйелі түрде түзететін факторға айналады.
6. Инфрақұрылымды кеңейту және 5G енгізу
• Жаңа базалық станциялар салу, оптикалық желілерді тарту және бұлтты жүйелерді дамыту ауқымды инвестицияны қажет етеді.
• Технологиялық ауысу (4G → 5G) жиіліктерге, лицензиялауға және қамту аймағын жаңғыртуға кететін шығындарды арттырады.
7. Қызмет сапасы мен нормативтерге қойылатын талаптар
• Байланыс сапасына қойылатын талаптардың күшейтілуі, халық сирек қоныстанған өңірлерді қамту және жиілік қолжетімділігі бойынша міндеттемелер шығындарды ұлғайтады.
• Әсіресе ауылдық жерлерді байланыс желісімен қамтамасыз ету қымбатқа түседі, себебі ондағы желінің өзін-өзі ақтау деңгейі төмен.
Ұялы байланыс бағасының өсімі — жабдықтардың жаһандық бағасынан және валюталық қысымнан бастап жергілікті салық саясаты мен инфляцияға дейінгі сыртқы және ішкі факторлардың жиынтық әсерінің нәтижесі. Операторлар қызмет сапасын сақтау, инфрақұрылымға инвестиция салу және реттеуші талаптарды орындау үшін артып келе жатқан шығындарды тарифтерге енгізуге мәжбүр.