Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ерлан Қарин Президент бастамашы болған парламенттік реформа мемлекеттік құрылыстың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» негізгі формуласы аясындағы ауқымды саяси жаңғырудың қисынды жалғасы екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші алдағы парламенттік реформа заң шығару қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталғанын еске салды.
Отырыста парламенттік реформаға қатысты ұсыныстарды жинақтап, жүйелеудің аралық қорытындылары қаралды. Сонымен қатар болашақ бір палаталы Парламенттің заң шығару қызметінің негізгі бағыттары талқыланды.
Жиын барысында Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылардан, қоғам белсенділерінен жинақталған ұсыныстар жөнінде ақпарат берді. Атап айтқанда, e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» арнайы бөліміне 400-ден астам ұсыныс келіп түсті. Жұмыс тобы мүшелерінің, саяси партиялардың ұсыныстары мен азаматтардың бастамалары жүйеленіп, Парламентаризм институтында мұқият зерделенуде.

Ерлан Қарин отырыстар аралығындағы кезеңде парламенттік реформаға қатысты жаңа ұсыныстар мен бастамалар бойынша ортақ көзқарастарды қалыптастыру үшін ауқымды, мазмұнды жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші талдау жұмыстарына назар аударып, ұсыныстардың сапалық тұрғыдан жақсара түскенін жеткізді.
Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Парламенттің заң шығару қызметін жетілдіруге бағытталған жалпы тәсілдер туралы айтты. Бұл Жұмыс тобы мүшелері мен саяси партиялардың ұсыныстары негізінде әзірленді.
Жұмыс тобының Марат Шибұтов, Андрей Чеботарев, Азат Перуашев, Виктор Малиновский, Магеррам Магеррамов, Бөріхан Нұрмұхамедов, Үнзила Шапақ, Лейла Жақаева, Снежанна Имашева, Елнұр Бейсенбаев, Алуа Ибраева, Никита Шаталов, Индира Әубәкірова, Ерлан Сәрсембаев секілді мүшелері заң шығару үдерісін ұйымдастыру және заңдардың сапасын жақсарту тетіктері жөніндегі идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Отырыс барысында парламенттік реформа саяси жаңғырудың маңызды кезеңі екені, заң шығару билігінің рөлі мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ кәсіби заң шығару ісін одан әрі дамытуға бағытталғаны айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша Жұмыс тобының жетекшісі – Мемлекеттік кеңесші келіп түскен ұсыныстардың барлығын жинақтап, жан-жақты талдауды тапсырды.
Парламенттік жүйені жетілдіруге қатысты тәсілдерді әзірлеу ісі Жұмыс тобының алдағы отырыстарында кезең-кезеңімен жалғасады.