Қазақстандағы қосымша білім беру: 2025 жылдың негізгі трендтері

935
Фотосурет: @oqu_agartu

2025 жылдың қорытындысы бойынша балаларды қосымша біліммен қамту деңгейі 90%-ға дейін артты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл 3,5 млн баланы құрайды, оның ішінде 2,2 млн оқушы тегін үйірмелер мен секциялармен қамтылды.

Қосымша білім беру ұйымдарының желісі өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артып, екі мыңнан астам бірлікті құрайды. Ауылдық жерлердегі балаларды қосымша білім берумен қамтамасыз ету мақсатында 1 000 комьюнити-орталық құру бойынша жұмыстар аяқталды. 3 жыл ішінде 4200-ден астам баланы қамтитын 1251 орталық ашылды.

Биылғы жылдың маусым айынан бастап спорт, шығармашылық және қосымша білім беру салаларын қамтитын бірыңғай ваучер жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Бүгінгі күні 600 мыңнан астам бала қосымша білімге ваучер алды. Жоба қазіргі уақытта 6 өңірде табысты жүзеге асырылуда: Астана, Шымкент қалалары және Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облыстары.

«Оқуға құштар ұлт» жобасы аясында мектеп кітапханаларының қызметі жүйелі түрде дамып келеді. edu.bookfund.gov.kz порталына 8 мыңнан астам мектеп пен колледж қосылып, нәтижесінде оқырман белсенділігі 26,2%-ға артты. Мектеп кітапханаларының қоры биылғы жылы 141 млн данаға жетті. 1 830 коворкинг-орталықтарын құру арқылы білім беру ұйымдары кітапханаларының материалдық-техникалық базасы жақсартылды.

2025–2026 оқу жылында білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру «Заң және тәртіп», «Еңбек адамы» және «Таза Қазақстан» атты үш негізгі идеяға басымдық бере отырып жүзеге асырылуда. Білім беру ұйымдарындағы сыныптан тыс және мектептен тыс іс-шаралар форматында жүргізілетін бүкіл тәрбие жұмысының мазмұны алты негізгі құндылыққа негізделген: тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық.

Бағдарлама аясында еліміздің барлық мектептерінде Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істеуде. Олардың басты бағыты балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын арттыру, позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Биыл ата-аналардың балаларының мектептегі өміріне қатысу белсенділігі екі есеге өсті. Ата-аналарға арналған сабақтарға қатысқан ата-аналардың 62%-ы тәрбие процесіне өзгертулер енгізуге дайын. Мұғалімдер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 82%-ы бағдарламаның сынып жетекшілерінің кәсіби дамуына оң әсерін, 84%-ы оқушы белсенділігінің өсуіне оң әсерін, ал 71%-ы мектеп пен отбасының өзара ынтымақтастығының артқанын атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -