Қазақстанда 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға өтінім қабылдау жүріп жатыр. Бұл қолдауға Мансап орталығында тіркелген жұмыссыз азаматтар, қызмет мерзімі үш жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар – көпбалалы аналар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар және басқа да топ өкілдері үміткер бола алады. Өтінім қабылдау мерзімі – 2026 жылғы 9 қаңтарға дейін.
Қарағандыда кәсіпкерлікті қолдаудың қолжетімді құралдары туралы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған кездесуде кеңінен айтылды.

– Көбіне өз ісін ашуға ниеті мен идеясы бар әйелдер неден бастау керегін, қайда жүгіну қажеттігін білмей жатады. Біздің міндет – оларға толық ақпарат беру, қолжетімді мүмкіндіктерді көрсету және әр кезеңде сүйемелдеу, – деді іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алмагүл Абаева.
Грантқа үміткерлер «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша міндетті түрде оқудан өтіп, enbek.kz порталында тіркелуі тиіс. Кездесуге қатысушыларға өтінім беру алдында бизнес-идеялар мен қаржылық есептерді алдын ала дайындау ұсынылды.
Кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес, тегін қолдау да көрсетеді: мемлекеттік қолдау шаралары мен салық мәселелері бойынша кеңес беріліп, бизнес-жоспар әзірлеуге көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар кездесуде 2026 жылдан бастап күшіне енетін жеке кәсіпкерлерге қатысты өзгерістер, жұмыс орындарын субсидиялау бағдарламалары, әлеуметтік кәсіпкерлік реестрі және оқыту мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.