Аритмолог-дәрігер Ғани Төлепбергенов өмірден озды

4895

Қазақстанның медициналық қауымдастығы ауыр қазаға ұшырады. Кенеттен жоғары санатты аритмолог-дәрігер, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Еуропалық кардиологтар қоғамының (ESC) мүшесі Ғани Құнанбайұлы Төлепбергенов өмірден өтті. Ол небәрі 38 жаста еді.

Бұл жаңалық әріптестері, пациенттері және оны жеке танығандардың бәрі үшін үлкен соққы болды. Өйткені Ғани Төлепбергенов туралы «жүйе осындай адамдардың арқасында жұмыс істейді» деп айтуға болатын. Сабырлы, жинақы, кәсіби тұрғыдан мінсіз, сонымен бірге шынайы адами болмысы бар дәрігер еді.

«Мен жақсы адаммын. Дәрігер басқаша болуға қақысы жоқ», - деген еді Ғани Құнанбайұлы бір сұхбатында.

Бұл сөз оның өмірлік ұстанымын дәл сипаттайды. Өзіне де, айналасындағыларға да талапшыл, адалдық, уақытқа дәлдік және жауапкершілік мәселелерінде өте принципшіл болды. Ол уәдеңде тұруды дәрігердің білімі мен тәжірибесі сияқты маңызды кәсіби қасиет деп санаған.

Аритмолог-дәрігердің өмірлік қағидалары оның мамандығынан тікелей туындайтын: адамдарға көмектесу, зиян келтірмеу, жақсылық жасау.

«Ағам - хирург. Ол мен үшін әрқашан үлгі болды, бұл мамандықты таңдауыма әсер етті. Өзім ешқашан көмектен бас тартпаймын - бұл әдетке айналды», - дейтін ол.

Мамандыққа жолы

Ғани Төлепбергенов 2010 жылы С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітірді. Интернатураны «Емдеу ісі» мамандығы бойынша өтеп, хирург болып жұмыс істеді. Кейін Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебін тәмамдап, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі дәрежесін алды.

Ол «Болашақ» президенттік бағдарламасының түлегі еді және Литва денсаулық ғылымдары университетінде (Каунас қ.) «Электрофизиология және радиожиілікті абляция» бағыты бойынша білім алды. Бұл - заманауи кардиологияның ең жоғары технологиялы салаларының бірі.

2011 жылдан бастап оның кәсіби өмірі Алматы қалалық кардиология орталығымен тығыз байланысты болды. Ол медбрат қызметінен бастап, елдегі жетекші аритмолог-дәрігерлердің біріне дейінгі жолдан өтті, кардиология, кардиохирургия бөлімшелерінде және реанимацияда жұмыс істеді. Аритмология оның саналы таңдауы болды - дәл осы салада ең үлкен пайда әкеле алатынын түсінді.

«Дәрігер болу - бұл шақыру. Егер мамандығыңды жақсы көрсең, осы мәртебеге сай болуың керек. Менің жұмыс күнім 17:00-де бітпейді. Мен әрқашан байланыстамын, бірдеңе болса - шығуға дайынмын, бұл талқыланбайды. Жұмысқа қуанып барамын, жұмыс істегім келеді және адамдарға көмектескім келеді. Кешке де дәл сондай көңіл-күймен үйге қайтамын», - деген еді ол.

Әріптестері оны ең күрделі клиникалық жағдайларда сенім артуға болатын адам ретінде білетін. Пациенттер үшін ол - емдейтін, түсіндіре алатын, қолдайтын және сенім ұялататын дәрігер еді. Ол кәсіби және адам ретінде өз ішінде қиындықтарды бастан кешіріп жүрсе де, пациентті «оң көңіл күйге» жетелей алатын.

2024 жылы Ғани Төлепбергенов Алматы қаласының ең үздік дәрігері деп танылды. Бұл - медицина қауымдастығы мен пациенттердің кәсіби мойындауы еді. Оның дұрыс жолда екендігінің дәлелі болды.

Мамандықтан тыс адам

Қаншалықты үлкен жүктеме болса да, ол үшін әрдайым отбасы бірінші орында тұрды. Жақындарымен өткізген уақытты, тауға серуендеуді, Алматыда қыдырып, табиғат аясында пикник жасауды ерекше бағалайтын. Белсенді демалысты, спорттық шараларды, достарымен тірі әңгімелесуді жақсы көрді.

«Егер бос уақыт болса, оны отбасымен өткізген дұрыс», - дейтін ол.

Ғани Құнанбайұлы Таразда дүниеге келіп, сол жерде өскеніне қарамастан, Алматы оның өмірінің және кәсіби қалыптасуының қаласына айналды. Ол бұл қаланы жақсы көрді және шетелдік тағылымдамалардан кейін де үнемі осында оралатын.

Ғани Төлепбергенов жақсы өмірді басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ деп сенетін. Оны Қазақстанда да еңбекпен, өз үлгіңмен құруға болады деп есептейтін.

Ғани Төлепбергеновтің қазасы - оның отбасына ғана емес, бүкіл Қазақстан денсаулық сақтау жүйесіне үлкен қайғы. Жоғары кәсібилікті, заманауи ойлауды, халықаралық тәжірибені және сирек кездесетін адами қасиет - адамдардың тағдырына шынайы жанашырлықты қатар ұштастырған дәрігер өмірден өтті.

Ол адамдардың жүрегін емдеді және мұны өмірге, пациентке және мамандығына деген сыйластықпен жасады.

Ол дәл осылай есте қалады - мамандығы бойынша дәрігер, ұстанымы берік, ішінде жарығы бар адам ретінде.

Жарық дүниедегі нұры мәңгілік болсын.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -