Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы № 62 және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2024 жылғы 19 тамыздағы № 45 бірлескен қаулысының құрылымдық элементінің қолданысын тоқтата тұру туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы № 83 және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы № 97 бірлескен қаулысын (бұдан әрі – Бірлескен қаулы) қабылдады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бірлескен қаулыға сәйкес 2025 жылғы 1 қарашадан бастап 2026 жылғы 1 шілдеге дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖТСМ-ді 25%-дан 20%-ға дейін төмендету жөніндегі норманы тоқтата тұру көзделген.
Бұл шешім ағымдағы макроэкономикалық жағдайларды ескере отырып, ипотекалық кредиттердің құнын реттеуге сараланған тәсілді қамтамасыз ету, халық үшін қарыз қаражатының қолжетімділігі мен банк секторының орнықтылығы арасындағы теңгерімді қолдау, сондай-ақ ЖТСМ-ді төмендету туралы норма күшіне енгенге дейін ипотекалық тұрғын үй қарызын алуға өтінім берген азаматтарға реттеушілік талаптардың өзгеруіне байланысты ипотеканы бас тартусыз ресімдеуге мүмкіндік беру мақсатында қабылданды.
Бірлескен қаулының толық мәтінімен Агенттіктің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.