Тараз қаласы прокуратурасының талдауы нәтижесінде азаматтар заңсыз иеленген 10 пәтер анықталды. Олардың жалпы нарықтық құны 100 млн теңгеден асады, деп хабарлады қадағалау органы, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бірқатар нысандар мемлекет меншігіне қайтарылды, ал кейбірі бойынша сотта қарау жалғасып жатыр.

Пәтерді қалай иеленбек болды
Жекелеген жағдайда прокурорлар апелляцияда сот шешімін өзгерте алды.
Қала тұрғыны екі бөлмелі, шамамен 15 млн теңге тұратын пәтерді қолхат арқылы алған. Кейін ол сотқа жүгініп, пәтерді «заңды жолмен сатып алдым» деп, меншік құқығын тануды сұраған.
Бірінші саты соты талапты қанағаттандырды.
Алайда апелляцияда мына жайттар белгілі болды:
- пәтерді сатып алғанын дәлелдейтін ешқандай құжат жоқ;
- азаматтың бұл үйде 7 жыл үздіксіз тұрғаны дәлелденбеген.
Нәтижесінде сот жаңа шешім қабылдап, пәтерді мемлекеттік меншікке қайтарды.
Иесіз қалған нысандар — коммуналдық қорға
Сонымен бірге прокуратура қала әкімдігіне иесіз қалған мүлік бойынша шара қолдануды ұсынған акт жолдады.
Соттың шешімімен:
- 3 жылжымайтын мүлік нысаны (2 пәтер және жер телімі бар тұрғын үй) иесіз деп танылып, коммуналдық меншікке берілді — шамамен 30 млн теңге;
- тағы 3 пәтер бойынша істер сотта қаралуда;
- тағы 3 пәтер тіркеуші органда иесіз мүлік ретінде есепке қойылды.
Кімдерге беріледі?
Прокуратура бұл бағыттағы жұмыс бұрыннан жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.
2025 жылдың сәуірінде коммуналдық меншікке қайтарылған 10 пәтер қазір тұрғын үйге мұқтаж, әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтарға берілді.
Қадағалау органдары Тараздағы даулы нысандар бойынша жұмыс жалғасатынын айтты.