Қазақстанның денсаулық сақтау саласы: инвестиция көлемі 3 трлн теңгеге жетті

1650
Фотосурет: Pixabay

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі пациентке бағдарланған, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған саланы жаңғырту және дамыту жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыруда. Бұл туралы денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Оның айтуынша, Президент тарапынан дәйекті қолдаудың арқасында денсаулық сақтау саласына жұмсалатын мемлекеттік шығындар соңғы жылдары үш есеге жуық өсіп, 2025 жылы 3 трлн теңгеге жеткен. Бұл медициналық көмектің көлемін едәуір кеңейтуге, инфрақұрылымды ауқымды түрде жаңғыртуға және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға мүмкіндік берді.

Мәселен, республикалық маңызы бар негізгі нысандар пайдалануға берілді. Олар – Ұлттық онкология орталығы,  Астанадағы шұғыл медицина орталығы, сондай-ақ Алматыдағы Ұлттық жұқпалы аурулар орталығы. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту жөніндегі ауқымды жоба аяқталуда. Қазірдің өзінде ауылдық жерлерде 650-ден астам медициналық нысан пайдалануға берілді, бұл қала мен ауыл арасындағы алшақтықты едәуір азайтты», — деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.

Ұзақ уақыттан бері алғаш рет тарифтік саясат қайта қаралды: босандыру және педиатрия тарифтері көтерілді, аурулардың алдын алуға, ерте диагностикалауға және медициналық қызметтердің сапасын арттыруға баса назар аударылды. Клиникалық бағыттарда елеулі прогреске қол жеткізілді, ана мен баланың денсаулығын сақтау жүйесі нығайтылды. Онкологиялық қызмет белсенді дамып келеді, бұрын негізінен шетелде қол жетімді боп келген жоғары дәлдіктегі және жұмсақ емдеу әдістері енгізілуде.

Дәрілік саясатқа деген жаңаша көзқарас дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тұрақтылығын арттырып, бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгілеп берген стратегиялық басымдық ретінде цифрландыруға ерекше назар аударылады.

«Салада "eDensaulyq" экожүйесі қалыптасып келеді, дәрігерді қолдау және медициналық көмектің сапасын арттыру құралы ретінде жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізілуде», — деп атап өтті бірінші вице-министр.

Сонымен қатар, Парламент Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген медицина қызметкерлерін қорғау туралы заңнамаға енгізілген түзетулерді мақұлдады. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты жасалған зорлық-зомбылық үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізіліп жатыр, сондай-ақ дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі іске қосылды. Әлеуметтік қолдау шараларының арқасында дәрігерлердің тапшылығы 19%-ға, орта медициналық персонал 7%-ға, ауылдық жерлерде 16%-ға төмендеді.

«2026 жылдан бастап инфекциялық қызметтер мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің жалақысын арттыру қарастырылған, ал дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіледі. Сақтандыру моделіне көшуді, халықты қамту көлемін кеңейтуді және медициналық қызметтер сапасын мемлекеттік бақылауды қалпына келтіруді көздейтін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі заң қабылданды», — деді Тимур Сұлтанғазиев.

Саланы дамытудың стратегиялық басымдықтары айқындалды: Денсаулық сақтауды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы және Медициналық көмектің сапасын басқарудың кешенді жоспары әзірленді.

Бірінші вице-министр атап өткендей, қабылданып жатқан шаралар айтарлықтай нәтиже бере бастады. Мәселен, халықтың болжамды өмір сүру ұзақтығы 75,8 жылды құрайды, өлім-жітім көрсеткіштері төмендеуде. Жалпы өлім-жітім 2,6%-ға, нәресте өлімі 18%-ға қысқарды, ал Қазақстан халықаралық рейтингтердегі өз позициясын жақсарта отырып, адам дамуы индексінде жеті тармаққа көтерілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -