Алматыда білім беру жүйесін цифрландырудың жаңа кезеңі басталды. Қалалық Білім басқармасының шешімімен 2025-2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап мегаполис мектептері BilimClass электрондық журналына кезең-кезеңімен көшеді. Бұл - тегін, толықтай қазақстандық өнім және ең бастысы, деректер Қазақстан аумағындағы серверлерде сақталады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шешім бір күнде қабылданған жоқ. Бұған дейін платформа Алматының 15 мектебінде пилоттық режимде сынақтан өтіп, функционал, қауіпсіздік және қолдануға ыңғайлылық тұрғысынан барлық талаптарға сай екенін көрсетті.
Неге дәл BilimClass таңдалды?
Басты себептердің бірі - ақпараттық қауіпсіздік пен деректердің қорғалуы. BilimClass серверлері Қазақстанда орналасқан және платформа ел заңнамасын толық сақтайды.
Екіншіден, жүйе мүлде тегін. Ата-аналар, оқушылар және мұғалімдер электрондық журнал мен мобильді қосымшаны ешқандай төлемсіз пайдаланады.
Үшіншіден, көшу процесі оқу барысына зиян келтірмеу үшін қысқы демалыс кезінде жоспарланған. Осы уақыт аралығында мұғалімдер BilimClass-пен жұмыс істеу бойынша тегін оқудан өтті. Ал қолдау қызметі мектептерге күнделікті режимде көмектесіп отыр.

Электрондық журналдан да кең мүмкіндік
BilimClass - жай ғана бағалар қойылатын электрондық журнал емес. Бұл мектептің күнделікті жұмысын цифрлық форматта жүргізуге арналған толық экожүйе.
Ата-аналар мен оқушылар:
- сабақ кестесін,
- қатысу көрсеткішін,
- бағалар мен оқу үлгерімін,
- үй тапсырмаларын
бір мобильді қосымша арқылы көре алады.
Ал мұғалімдер үшін:
- күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау,
- қашықтан сабақ өткізу,
- өз сабақтарын жүктеу,
- интерактивті тапсырмалар,
- БЖБ мен ТЖБ каталогы,
- чат және кері байланыс құралдары
қарастырылған.
Ел көлеміндегі платформа
Бүгінде BilimClass-ты Қазақстанның 11 өңірінде 2,5 миллион оқушы мен 350 мыңға жуық мұғалім пайдаланып отыр. Платформа Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Қызылорда, Жетісу, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында қолданылады.

Жүйені әзірлеген - Қазақстандағы жетекші IT-холдинг Bilim Group. Холдинг экожүйесіне білім саласында кеңінен танымал: BilimLand, OnlineMektep, BilimKids, iTest, BilimUstaz, Kitap.kz және SmartNation жобалары кіреді.
Қосымша білім беру мүмкіндіктері
BilimClass-пен бірге мектептер Bilim Group-тың басқа да өнімдеріне қол жеткізе алады. Олардың қатарында:
- ҰБТ-ға дайындалуға арналған iTest онлайн-тренажері,
- бастауыш сыныптарға арналған қазақ тіліндегі iMektep видеосабақтары,
- ТМД аумағындағы ең ірі цифрлық білім беру қоры саналатын BilimLand бар.
Алматы мектептерінің BilimClass жүйесіне көшуі - жай ғана техникалық жаңарту емес. Бұл - білім беру саласындағы цифрлық тәуелсіздікке, деректердің қауіпсіздігіне және ата-ана мен мұғалімге ыңғайлы орта қалыптастыруға жасалған нақты қадам.
Ең бастысы - бұл өзгеріс оқушылар үшін де, ұстаздар үшін де ауыртпалықсыз өтіп жатыр. Ал бұл - кез келген цифрландырудың ең маңызды көрсеткіші.