Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты: сана, сөз және жауапкершілік

1727
Фотосурет: Gov

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “TUKISTAN” газетіне берген сұхбаты – ел дамуының жаңа белесін айқындап берген маңызды саяси-қоғамдық құжат деуге толық негіз бар. Мемлекет басшысы бұл сұхбатында экономикалық өсім көрсеткіштерінен бастап, қоғамдық сана, әлеуметтік желілердің әсері, мерзімді баспасөздің жауапкершілігі, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту секілді стратегиялық бағыттарды кеңінен қозғады.

Осы сұхбаттың мәні мен маңызы, ондағы идеялардың терең астары жайында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, тәжірибелі журналист Сейдулла Садықов өз ой-тұжырымын ортаға салады. Ғалымның пайымдауынша, Президент сұхбаты – қоғамды ойлануға, еңбекке, тәртіп пен әділдікке үндейтін, ұлттық сананы серпілтетін мазмұнды үндеу. Жаңғырудың жаңа кезеңінде баспасөз бен зиялы қауымға жүктелер жауапкершілік те бұрынғыдан әлдеқайда арта түскен.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “TUKISTAN” газетіне берген сұхбатының мәні жөнінде не айтасыз?

- Көрнекті жазушы, журналистің перзенті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрдайым журналист ағайындарға оң қабақ танытып келеді. Мен де сондай қарт журналистердің бірімін. Оның үстіне жасымыз да шамалас. Сондықтан болар Президенттің журналистерге берген сұхбаттарына әрдайым баса мән беремін. Бұрынырақта жарияланған «Егемен Қазақстан» және «Ана тілі» газеттеріндегі сұхбаттарында қазақ қоғамы дамуының ең өзекті проблемалары тұрғысында салауатты ойлар ортаға салынған еді. Міне, енді “TUKISTAN” газетіне арнайы сұхбат беріп отыр. Жасыратыны жоқ, кей-кейде әлеуметтік желілерде пайда болатын оғаштау ой-пікірлердің ел арасында желдей есетіні бар. Ондайларға көзі ашық деген кейбір жандардың қосыла қиқу салатынын қайтерсің. Қоғамға мін тағу, кінәлау сияқты бассыздықтардың да бой көтеруіне көз жұма қарауға тура келеді. Қалай десек те сұрақ та, сөз де аз емес.

- Мемлекет басшысы сұхбатында Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтады. Сіз бұл кезеңнің басты мазмұнын қалай сипаттар едіңіз?

- Көңілі ояу, көзі қарақты жандар сұхбатты соңына дейін оқып шығуы керек. Мемлекет басшысы әңгімесінің сананы сілкіндіретін, ел болашағына деген кәміл сенімді орнықтыратын, жаныңды жадырататын тұстары ешбір күмән туғызбайды. Мына цифрлар жігеріңді жанитындай: өткен жылы ел экономикасы 6 пайызға өсіп, ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жеткен, бұл дегеніміз, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты деген сөз. Бұл жалпы рекордтық көрсеткіш болып табылады. Бұған шүкіршілік етуіміз керек. Масаттанудың қажеті жоқ. Бассыздықтың небір құқайын көріп келе жатқан қайран ғана қойдан жуас қазақтың көкорай көкжиекке көз салар кезі қашан туады? Екінің бірінің көкейінде жүрген ең басты сауал осы. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сұхбатында осы тақілеттес сан алуан сауалдарға нақты жауап берді деп ойлаймыз.

Бұл күндері өңірлерде қарышты қадамдар жасауға ұмтылыс бар. Етектен тартатын түйткілдер де аз емес. Салауатты да саналы халқымыз тынымсыз еңбекке ден қойса, елдің игілігі жолында қажырлықпен қайрат танытса шығар биігіміз, алар асуымыз оңай болмақ. Күн тәртібінен түспей тұрған Әділдік, Заң мен Тәртіп, Еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттер әрбір қазақстандықтың жүрек төрінде атой салып тұруы тиіс.

- Президент әлеуметтік желілердің адамның ойлау, таным қабілетіне кері әсер етіп жатқанын айтады. Осы жағдайда мерзімді баспасөз қоғамның зияткерлік деңгейін сақтауда қандай миссия атқаруы тиіс деп ойлайсыз?

- Мемлекет басшысы әлеуметтік желілердің адам сана-сезіміне, таным-түсінігіне кері әсер етіп жатқанын күйінгендіктен айтып отыр. Жасыратыны жоқ, жастарымыздың қолынан әлеуметтік желілердің экраны – телефон түспейтін болды. Олардың дені дерлік сананы улайтын көріністердің, хабар-ошарлардың құрсауында қалып отыр. Бұл үрдістің кең құлаш жайғаны соншалық есін енді ғана біліп келе жатқан сәбилердің өзі көрпені жамылып жатып телефон қарайтын «кеселге» ұшырады деуге болады. Бұл енді сәбилік қана емес, тұтас ұлттық ауруға айналып барады. Мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері шынайы білімнен мақұрым қалып барады. Бұл ұлттық трагедияның бастауы....

Суретті жасанды интеллект жасаған

- Президент айтқандай, терең мазмұнды ақпаратқа сұранысты арттыру үшін отандық газет-журналдар қандай бағытта дамуы керек?

- Бұл жоғарыдағы сұрақтың жалғасы екен. Ұрпақ тәрбиесі әр отбасында негізгі міндетке айналуы тиіс. Демек, ең бастысы ата-аналар санасына сілкініс керек. Өткен ғасырдың басында Міржақып «Оян, қазақ!» деп жар салды. Неткен көрегендік! Ұйқылы-ояу, қара танымайтын қазағын оятып, жарқын болашаққа бастауды мақсат етті. Содан бері ғасырдан да асып кеткені қашан! Зұлмат кезеңдерден ілдалап өтіп, Ұлы Даланы аман сақтап қалдық. Халқы жаппай сауатты елге айналдық. Әлем картасында Қазақстан жер көлемі жөнінен тоғызыншы орын алатын айтулы ел! Демек, қазіргі қазақтар ойланатын дәуірдің бастауында тұр. Мемлекет басшысы осындай ойын астарлап айтып отыр. Қазақ елінің мерзімді баспасөзі – газет-журналдар «Ойлан, қазақ!» ұраны аясында қызмет етуі керек!

- Президент елді цифрландыру мен жасанды интекллектіні дамытуды стратегиялық міндет ретінде айқындап отыр. Сіздіңше, бұл үрдісте журналистиканың рөлі қандай болу керек?

- Қазір елімізде түбегейлі реформалар басталды, ол жер-жерде кең қанат жайып келеді. Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Осы тұрғыдан келгенде білім ордаларының студенттеріне зор жауапкершілік жүктеледі. Міне, бұл жөнінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Әділеттілік және трансформациялық көшбасшылық» атты мақаласында нақты дәлелдермен жан-жақты баяндаған. Бір ғана дәлел, қазір университет цифрландыру мен жасанды интеллектке айқын бағыт бұрған. Ректордың пайымдауынша, бұл - заманауи технологиялар арқылы экономикалық трансформацияны жеделдетудің төте жолы. Білім ордасы бұл бағытта іргелі жобаларды нық сеніммен қолға алуда.

Елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылына орай жан-жақты ізденіс үрдісі кең өріс алуы тиіс. Мемлекет басшысы ел алдына осындай міндет қойып отыр.

Жер-жерде заманауи міндеттің ойдағыдай орындалып, кең көлемде жүзеге асуы бағытында республика бұқаралық ақпарат құралдары атқаруы тиіс істер ауқымы орасын зор. Газет-журналдарда, телерадиода, әлеуметтік желілерде озық тәжірибелер кеңінен көрініс тауып, адам факторы барынша ерекшеленуі тиіс. Жаңа заманауи қазақтардың жан-дүниесі, білім-ғылым саласындағы жетістіктері журналистік шеберлікпен шынайылық көріністер, қажырлы еңбек, тың ізденіс, нәтиже зерделеніп жатса құба-құп.

Президент сұхбатының тақырыбы «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты!» деп тұр. Демек, басты мақсат – Қазақстанды жаңғырту. Олай болса, жаңа кезеңде жаңа Қазақ елі екенімізді әлемге айқын танытайық!

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -