Ғылым мен табиғат тоғысқанда: Қазақстанда «Green Science KZ» жобасы іске қосылады

1122
Фотосурет: © Sputnik / Тимур Батыршин

Қазақстанда қалаларды көгалдандыруға көзқарас өзгере бастайды. 2026 жылғы 13 қаңтарда Алматыдағы Бас Ботаникалық бақта «Green Science KZ» атты жаңа әлеуметтік және білім беру жобасының ресми таныстырылымы мен баспасөз туры өтеді. Жоба Қазақстан қалаларында ғылыми негізделген және орнықты көгалдандыру тәжірибелерін енгізуге бағытталған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жобаны Ботаника және фитоинтродукция институты «Ecoforming» экология және білім беру қорының қолдауымен жүзеге асырады. Игі бастама 2026 жылдың қаңтарынан қазанына дейін жалғасады және Шеврон компаниясының табиғи шешімдері қағидаттарына сүйенеді.

Неге ғылыми көгалдандыру қажет?

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын көгалдандыруға миллиардтаған теңге бөлінгенімен, оның нәтижесі жиі көңіл көншітпейді. Климатқа бейімделмеген көшеттер қурап қалады, ал жасыл аймақтар экологиялық тұрғыдан нақты әсер бере алмайды.

Ғалымдар бұл мәселенің түп-тамыры ғылыми тәсілдің жоқтығында екенін айтады. Ғылыми негізделген көгалдандыру – жергілікті климатқа, топырақ пен су ресурстарына бейімделген өсімдіктерді пайдалану арқылы ұзақ өмір сүретін саябақтар мен ормандарды қалыптастырудың жалғыз жолы. Мұндай жасыл аймақтар қаланың микроклиматын жақсартып, ауаны тазартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Баспасөз турында не көрсетіледі?

Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері жобаның ғылыми және практикалық қырларымен таныса алады.

Бағдарламада:

  • Биотехнологиялық зертханаға экскурсия – журналистерге Қазақстанның климаттық жағдайына төзімді өсімдіктерді селекциялау және көбейтудің заманауи әдістері көрсетіледі.
  • «Green Science KZ» жобасының таныстырылымы – Институт басшылығы мен ғылыми қызметкерлер жобаның мақсаттары, негізгі бағыттары және 2026 жылға жоспарланған іс-шаралар туралы баяндайды.

«Green Science KZ» жобасы нені көздейді?

Жоба Қазақстанның ұлттық парктері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының (ЕҚТА) әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ биоалуантүрлілікті сақтай отырып, климаттық тұрақтылықты арттыруға бағытталған.

Негізгі бағыттар қатарында:

Мамандарды даярлау

ЕҚТА қызметкерлеріне арналған тиімді коммуникациялар бойынша семинарлар, сондай-ақ Батыс Қазақстан қалаларында көгалдандырумен айналысатын компаниялар, коммуналдық қызметтер мен жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне арналған практикалық тренингтер өткізу жоспарланған.

Практикалық іс-шаралар

Ұлытау облысында пилоттық жоба ретінде жергілікті қауымдастықтарды отырғызу материалын өсіруге тарту, қоғамдық іс-шаралар мен практикалық тренингтер ұйымдастыру көзделген.

Ғылыми және ағартушылық жұмыс

Институт әзірлеген көгалдандыруға ұсынылатын өсімдіктер ассортиментінің каталогтары шығарылып, отырғызу және күтім бойынша ғылыми ұсынымдар кеңінен таратылмақ.

Серіктестік пен ынтымақтастық

Жоба аясында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен, жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ мектептер, ҮЕҰ және жергілікті қауымдастықтармен бірлескен жұмыс жүргізіледі.

Қашан және қайда?

  • Күні: 2026 жылғы 13 қаңтар
  • Уақыты: 10:00
  • Өтетін орны: Алматы қаласы, Бас Ботаникалық бақ, Тимирязев көшесі, 36Д, мәжіліс залы

«Green Science KZ» жобасы Қазақстанда көгалдандыруды формалды науқаннан нақты экологиялық нәтижеге бағытталған, ғылымға негізделген жүйеге көшіруге жол ашуы мүмкін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -