Диас Тәңірбегеновтің есімі семейліктер үшін таңсық емес, деп хабарлайды DKNews.kz.
Он сегіз жастағы азамат көпқабатты тұрғын үйде болған өрт кезінде көршісін қауіптен аман алып шықты. Тілсіз жаудың құрсауынан тайсалмай, әрекет еткен жас жігітке «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалі табысталған.

Мен өрт кезінде көмек сұраған дауыстарды естідім. Есіме, таяуда инсульт алып, дәрменсіз күйде жатқан көршім түсті. Жейдемді сулап, аузы-мұрнымды жауып, қою қара түтіннің ішінен қозғалысы шектеулі көршімді қызыл жалыннан аман алып шықтым. Кейін ауладағы су құбырына шланг жалғап, өртті сөндіруге әрекеттендім. Бірақта, су қысымының жеткіліксіздігі кедергі болған. Арада көп ұзамай оқиға орнына өрт сөндіру қызметі келіп, тілсіз жау толықтай ауыздықталды, - дейді Диас Тәңірбергенов.

Семейлік батыр жігіт таяуда Ұлттық ұлан сапына қосылды. Ол Отан алдындағы борышын Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінде өтейді. Диас қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайтын, жауапкершілігі жоғары жас ретінде өзін әлдеқашан таныта білді. Ал қоғам тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құқықтық-тәртіп әскері қатарында қырағылығын одан сайын шыңдай түспек. Сонымен қатар, спортты серік еткен семейлік жас сарбаз әскери бөлімде физикалық дайындығын жетілдіріп, әскери тәртіп пен жауынгерлік машықтарды меңгеретін болады. Диастың қаруластары да ерлігімен ел көзіне түскен жігітпен әскерде бірге қызмет етуді мақтан тұтады.
Диастың батырлығының артында оның адамға деген жанашырлығы тұрған сияқты. Көк түтінге тұншықса да, көршілерінің есендігін ойлаған бауырмал азаматпен алдағы бір жыл бойы бірге қызмет етеміз. Қайшылықта сенім арта білетін жауынгер серігің бар болғаны үлкен қуаныш, - дейді қатардағы жауынгер Диас Түсіпов
Мемлекет үшін аса маңызды нысандарды күзететін әскери бөлімде қырыққа жуық сарбаз мерзімді әскери қызмет ететін өтейді. Қазіргі уақытта әскерге шақырылушылар жас жауынгер курсынан өтуде. Айта кетейік, Ұлттық ұлан сапына қосылған жас сарбаздардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі ақпан айының басына жоспарланған.