Қазақстанда жер асты суларына қатысты көзқарас қайта қаралып жатыр

1100
Фотосурет: DKNews.kz

ҚР-да жерасты суларын кешенді пайдалану тұжырымдамасы әзірленуде, деп хабарлайды DKNews.kz.

Үкімет отырысында ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов сумен жабдықтау нысандарын салу және жаңғырту жобаларын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Министр бүгінгі таңда республикалық меншікте халқының жалпы саны 1 млн 330 мың адам болатын 546 ауылды сумен қамтамасыз ететін 26 топтық су құбыры бар екенін атап өтті. 2024 жылдан бастап «Қазсушардың» трансформациясы аясында халықтың тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында су құбырларын жергілікті атқарушы органдарға кезең-кезеңімен беру жүргізілуде, бұл су алу көзінен бастап соңғы тұтынушыға дейін толық бақылауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сумен жабдықтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Министрлік 2025 жылы республиканың 9 өңірінде сумен жабдықтау объектілерін салу және қайта құру бойынша жалпы сомасы 103,2 млрд теңгені құрайтын 30 жобаны жүзеге асырды. 

Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген қаражат сумен жабдықтау нысандарын салу бойынша ауқымды жұмыстарды жүргізуге асыруға мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде белгіленген мақсатты индикаторларға қол жеткізіліп, асыра орындалды. Жыл қорытындысы бойынша жоспарланған 9 жобаның орнына 15 жоба аяқталды. Нәтижесінде 1 599 шақырым сумен жабдықтау желілері және 8 су құбыры кешенінің алаңы салынды, жалпы саны 514 мың адам құрайтын 277 елді мекенде су беру және сумен жабдықтауды жақсарту қамтамасыз етілді, оның ішінде 73 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізді.

Айта кету керек, егер 2021–2023 жылдар аралығында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша аяқталған жобалар саны бар болғаны 6 болса, соңғы екі жылдың ішінде 22 жоба аяқталып пайдалануға берілді, бұл жалпы саны 722 мың адамы бар 326 елді мекенде сумен жабдықтауды жақсартуға мүмкіндік берді.

«2026 жылы 12 жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда, бұл жалпы халқы шамамен 540 мың адамды құрайтын 142 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді. Негізгі нысандардың бірі – Шардара топтық су құбыры болмақ, оның құрылысы 2026 жылдың шілдесінде аяқталып, Шардара қаласын жерасты көздерінен ауызсумен қамтамасыз етеді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қаланың ауызсумен қамтамасыз етілуі толығымен жаңа су құбыры есебінен жүзеге асырылатын болады. Осының арқасында Шардара су қоймасындағы су көлемінің азаюы тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етуге әсер етпейтін болады. Сонымен қатар Министрлік елдің үш облысында (Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстарында) 5 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын жалғастыруда, олардың аясында ірі топтық су құбырларының бас құрылысжайларын салу көзделген» Нұржан Нұржігітов

Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және сараптама қорытындысын алуды 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау жоспарлануда, содан кейін оларды қаржыландыру мәселесі қарастырылатын болады.

Министрдің сөзінше, тұрақты сумен қамтамасыз ету шараларын дамыту аясында биылғы жылы Өгем өзенінде гидроэлектрстансалар каскады бар су құбырын салу жөніндегі инвестициялық жоба бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеуді бастау жоспарлануда, ол мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде жүзеге асырылады. Жобаның құны 191,7 млрд теңге. Жоба жыл сайын 110 млн текше метр ауыз су беріп, 72 МВт·сағ электр энергиясын өндіруді көздейді, бұл аймақтағы энергетикалық қуаттар тапшылығын ішінара жабуға, сондай-ақ Түркістан облысының бес ауданы: Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай және Мақтаарал аудандарының 1 млн-нан астам тұрғынын таза ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Атырау және Маңғыстау облыстарының халқын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Министрлік «Көкжиде», «Айшуақ» және «Солтүстік – Айшуақ» жерасты су көздерінен аталған облыстардың елді мекендеріне дейін өнімділігі тәулігіне 170 мың текше метр құрайтын магистральдық су құбырын салу мәселесін пысықтауда. Бұл жобаның жүзеге асырылуы шамамен 1,5 млн адамды ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күні мемлекеттік инвестициялық жоба әзірленіп, экономикалық қорытынды алу үшін Ұлттық экономика министрлігінің қарауына енгізілді.

Жалпы, елде 4 мыңнан астам жерасты су көздері барланған, олардың бекітілген пайдалану қоры жылына 15,7 млрд текше метр шамасында. Алайда бүгінгі күні бұл ресурс бекітілген қордың бар болғаны 7-10 %-ы ғана пайдаланылуда. Жерасты сулары жеткілікті зерттелмеген, қорлардың едәуір бөлігі барланбаған күйде қалып отыр, ал олардың нақты әлеуетін айқындау үшін қосымша ауқымды зерттеулер мен бағалау жүргізу қажет.

Осыған байланысты, аталған министрлікте жерасты суларын кешенді пайдаланудың тұжырымдамасын әзірлеу басталған. Тұжырымдаманың жүзеге асырылуы жерасты суларын игерудің тиімділігін едәуір арттыруға, халықты және экономика салаларын ұтымды әрі тұрақты сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің су қорын сақтау мен дамытуға ықпал ететін болады. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етумен қатар, мемлекеттік су саясатының ең маңызды басымдылығы бұл су ресурстарын ұтымды және тұрақты пайдалану, оның ішінде су үнемдеу шараларын қабылдау. Ұтымды су пайдалану үшін ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте және тұрмыста суды үнемді пайдалану мәдениетін қалыптастыру ерекше маңызға ие. Аграрлық секторда негізгі екпін заманауи, үнемді суару әдістеріне көшу болып саналады. Бұл әсіресе 2025 жылғы вегетациялық кезеңде анық көрінді, ол құрғақшылық және су шаруашылығы жүйесіне түскен жоғары жүктеме жағдайында өтті. Дегенмен, уақтылы қабылданған басқару шешімдері мен аймақтық деңгейдегі үйлестірудің арқасында суару маусымы аграрлық сектор үшін шығынсыз аяқталды.

Жалпы 2025 жылы 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін суаруға 11,1млрд текше метр су пайдаланылды. Суару маусымының қиын жағдайларын жеңілдеткен факторлардың бірі су үнемдеу технологияларын енгізу болды. 2025 жылы осы технологиялар қолданылған 153,5 мың гектар жер енгізілді. Сарапшылардың болжамы бойынша алдағы вегетациялық кезеңде Оңтүстік Қазақстан өзен бассейндерінде су ағынының қысқаруы күтіледі. Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында көрші мемлекеттер аумағында орналасқан су қоймаларының қазіргі толуы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2 млрд текше метрге төмен. Оңтүстік өңірдегі су қоймаларының толуы өткен жылмен салыстырғанда 1,9 млрд текше метрге аз. Бұл күз-қыс маусымындағы жауын-шашынның азаюы, мұздық ағынының қысқаруы және климаттың өзгеруінің жалпы әсеріне байланысты объективті шындық. Бұл факторлар ұзақмерзімді сипатқа ие және одан жүйелі бейімделуді талап етеді. Министрлік тарапынан 2026 жылғы суару маусымына дайындық басталып, бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Суару каналдары мен гидротехникалық құрылыстарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Өңірлерде фермерлермен кездесулер өтіп, су үнемдеу қажеттілігі және ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу мәселелері түсіндірілуде. 

Атап айтқанда, 2025 жылдың желтоқсан айының басында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында көшпелі кеңестер өткізіліп, онда су тұтыну лимиттерін қатаң сақтау және су үнемдейтін технологияларға жедел көшу міндеттілігі ерекше атап өтілді. Бұнымен қоса, Министрлік 2026 жылдың  ақпанында су келуінің ең пессимистік сценарийін ескере отырып су тұтынудың нақтыланған лимиттерін әзірлейді, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылғы наурыз айында егістік құрылымын түзетеді. Сонымен қатар су ресурстарын заңсыз пайдалануға қарсы күрес маңызды бағыт болып қала береді. Бас прокуратурамен бірлесіп іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл құжат су ұрлығы мен заңсыз су пайдалануға тиімді қарсы күрес үшін құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдардың қатысуымен Республикалық ведомствоаралық жұмыс тобын құруды көздейді.

Су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелерін кешенді шешу мақсатында Министрлікке Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге суару суын жеткізу қызметтерінің құнын, сондай-ақ суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуге инвестициялық салымдардың бір бөлігін субсидиялау жөніндегі функциялары берілді. Осыған орай мемлекеттік қолдау шаралары қайта қаралып, олар тұрақты және өлшемді нәтиже беріп отыр. Атап айтқанда, фермерлердің су алу және жеткізу инфрақұрылымын тартуға, су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға жұмсалған шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Тарифке байланысты субсидиялардың дифференциалды мөлшері енгізілді. Егер 2024 жылға дейін су үнемдеу технологиялары енгізілген алаңдардың өсімі орта есеппен жылына 30 мың гектар құраса, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында бұл көрсеткіш бірнеше есе ұлғайып, соңғы екі жылда орта есеппен жылына 150 мың гектар құрады. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып суарылатын алаң 543,5 мың гектарға дейін өскен, 2030 жылға қарай бұл алаңды 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.

Осы мақсаттарға жету үшін 2026–2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер арқылы жергілікті бюджеттерге 228 млрд теңгеден астам қаражат жеткізілді, бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп. Көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру Ауыл шаруашылығы министрлігі меншік иесі болып саналатын Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СБМАЖ) арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүйеге салалық мәртебе беру мәселесі пысықталуда.

Өнеркәсіп секторында өнеркәсіптік кәсіпорындарда су пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

«Жаңа Су кодексі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қайталама және айналымды сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңмен көшуіне қойылатын талаптарды бекітті. Бұл үшін жеті жылдық мерзім бөлінді, оның ішінде 2 жыл өтпелі кезең және 5 жыл жоспарларды іске асыру кезеңі. Бұл шешім 2030 жылға қарай суды қайталама және айналымды пайдалану үлесін 13%-дан 28 %-ға дейін екі еседен астам ұлғайтуға мүмкіндік береді, өз кезегінде бұл шамамен 1,5 млрд текше метр суды үнемдейді. Тұрмыста ұтымды су пайдалану бағыты бойынша Министрлік су үнемдеудің тұрмыстық жағдайлардағы әдістемелік ұсынымдарын бекітті, олар суды үнемдеудің негізгі шараларын көздейді. Тұрмыстық жағдайларда суды үнемдеу әдістерін егжей-тегжейлі талдау бойынша аналитикалық зерттеу жүргізілді, мұнда тұрмыстық жағдайларда суды ұтымды тұтынудың көрнекі әдістері мен есептеулері келтірілген» Нұржан Нұржігітов

Министрдің сөзінше «Таза Қазақстан» жалпыұлттық республикалық акциясы аясында мектеп оқушыларымен «Суды үнемде – болашақты сақта» тақырыбындағы кездесулер ұйымдастырылып, шамамен екі млн оқушы қамтылды. Әрі қарай бұл бағдарламаны жоғары оқу орындары мен колледждерде жалғастыру жоспарлануда. Сондай-ақ осы акция аясында «Мөлдір бұлақ» бағыты бойынша Министрлік су экожүйелерін сақтау және қалпына келтіру бойынша шараларды дәйекті түрде жүргізуде. 2025 жылғы 27 қыркүйекте бүкіл ел бойынша су объектілерінің жағалау аймақтарын тазалауға және халықтың су ресурстарына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған ауқымды экологиялық сенбілік өткізілді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады. Бұдан бөлек, Француз даму агенттігінің (AFD) қолдауымен, сондай-ақ Арал теңізін құтқару халықаралық қорының Атқарушы комитеті (АҚХҚ АК) және ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, Қызылорда облысының аумағында «Қазақстанның балалар мен жастар арасында су ресурстарын сақтауға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру бойынша білім беру» жобасы жүзеге асырыла бастады. Сонымен бірге Министрлік Көлік министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әуежайларда, теміржол вокзалдарында, қоғамдық көлікте және әкімшілік ғимараттарда ақпараттық материалдар орналастыру арқылы су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, елді мекендерде, әуежайларда және вокзалдарда 200-ден астам LED-экранда ақпарат көрсетілуде, ал жергілікті атқарушы органдардың әкімшілік ғимараттарында 10 000-нан астам ақпараттық стенд орнатылды.

Қазіргі жағдайда цифрландыру су ресурстарын тиімді басқарудың негізгі бағыттарының бірі. Осыған байланысты Министрлік салада цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған жүйелі шаралар кешенін жүзеге асыруда. Осы жылдың басынан бастап Министрлік фермерлермен су беру жөніндегі шарттарды электрондық форматта жасасуға көшу жұмыстарын жүзеге асыруда. Аталған жүйе аграршыларды сумен қамтамасыз етудің толық циклін, су алуға өтінім беруден бастап шарт жасасу, нақты су тұтынуды дәл есепке алу және кейінгі төлем жүргізуге дейінгі барлық үдерістерді қамтиды. Жүйені енгізу деректердегі айырмашылықтарды болдырмауға, әкімшілік үдерістерді оңтайландыруға, адами фактордың әсерін барынша азайтуға, сондай-ақ су ресурстарын бөлу мен су пайдаланғаны үшін есеп айырысулардың объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Министрлік жүргізіп жатқан инфрақұрылым нысандарын салу және жаңғырту, су үнемдеу мен цифрлық технологияларды енгізу сияқты жұмыстар кешені күрделі климаттық тәуекелдер жағдайында су ресурстарын тиімді пайдалану тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -