Ақмола облысындағы «Ақкөл–Степногорск» автожолында ауа райының қолайсыздығы салдарынан жолға шыққан азамат қиын жағдайға тап болды.
Тайғақ жолда автокөлік басқаруға көнбей, жол жиегіндегі қарлы жыраға сырғып кеткен, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қалың қарға батқан көлік өздігінен шыға алмай қалған.
Абырой болғанда, көлік жүргізушіге осы бағытпен әскери тапсырманы орындау барысында келе жатқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 3517 әскери бөлімінің қызметшілері кезіккен. Әскери қызметшілер жағдайды жедел бағалап, арнайы әскери техниканың көмегімен көлікті қарлы жырадан шығарып алды.

Ұландықтардың арқасында автокөлік жолға шығарылып, жүргізуші әрі қарай қозғалысын жалғастырды. Көмек алған азамат әскери қызметшілерге алғысын білдірді.
Әскери бөлім басшылығы мұндай жағдайлар адам өмірі мен қауіпсіздіктің маңызын көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ әскери қызметшілер әрдайым халыққа көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.