Астанада қалың қар жауып, күн күрт суытты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы тоқтаусыз жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Өткен түнде қала аумағынан арнайы полигондарға 4 502 ауыр жүк көлігінің рейсімен шамамен 70 мың текше метр қар шығарылды.
14 қаңтар күні таңғы уақыттан бастап қар күреу жұмысына 3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 1 900-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.

Қыс мезгілі басталғалы бері жалпы көлемі 2,4 миллион текше метрден астам қар 187 120 рейспен тасымалданды.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.

Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.
Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.