Қазақстан өңірлерінде қысқы кезеңде су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған «Мұз» профилактикалық акциясы жалғасуда. ТЖМ құтқару бөлімшелері адамдардың мұз үстіне жаппай шығатын жерлерінде профилактикалық жұмыстар мен патрульдеуді күшейтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Астана қаласында ТЖД құтқарушылары күн сайын Есіл өзенінде патрульдеу жұмыстарын жүргізуде. Басты назар профилактикаға аударылады: тұрғындарға үгіт-насихаттау және алдын алу материалдары таратылып, жедел қызметтердің телефон нөмірлері еске салынады, сондай-ақ су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау әр азаматтың жеке жауапкершілігі екені атап өтіледі.
Абай облысы ТЖД құтқарушылары мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында қатпаған және толық бекімеген мұзға шығуға қатаң түрде тыйым салынады.

Алматы облысында тұрғындардың толық қатпаған мұз үстіне шығу жағдайларының жиілеуіне, сондай-ақ Жамбыл ауданында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты профилактикалық рейдтер күшейтілді. Бұл оқиға қауіпсіздіктің қарапайым талаптарын сақтамай, мұз үстіне шығудың қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте көрсетті. Облыстың ТЖД құтқарушылары өзендерде, көлдерде және су қоймаларында рейдтік іс-шаралар жүргізіп, мұздың жай-күйін тексеруде, ескерту және тыйым салу белгілерін орнатып, қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіруде. Балалар мен мұзда балық аулау әуесқойларына ерекше назар аударылады. Мұздың қалыңдығы бір адам үшін кемінде 10 сантиметр қауіпсіз деп саналатынын халыққа еске салады.

Батыс Қазақстан облысында ТЖД және полиция қызметкерлері, ТЖМ 20982 әскери бөлімі 2-ші құтқару батальонының әскери қызметшілері мен волонтерлер бірлесіп өңірдің су айдындарында профилактикалық рейдтер жүргізеді. Рейд барысында балықшылар мен демалушыларға мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, қауіпті аймақтар мен мұзы жұқа жерлер көрсетіледі.

ТЖМ азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға, қауіпті жерлерде және қолайсыз ауа райы кезінде мұз үстіне шықпауға шақырады. Су айдындарындағы қауіпсіздік – әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі.