Ғылымды дамыту мен отандық өндірісті қолдау үшін бөлінетін мемлекеттік гранттар - елдің болашағына салынған инвестиция ретінде қарастырылады. Алайда облыс прокуратурасы жүргізген тексеру бұл қаражаттың барлығы бірдей күткен нәтижені бермегенін көрсетті. Қадағалау органы гранттық қаржының тиімсіз пайдаланылғаны, жобалардың қайталанғаны, мемлекеттік мүліктің бүлінгені және бірқатар бастаманың мүлде іске аспағанын анықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Зауыт салынуы тиіс еді, бірақ нәтиже жоқ
Тексеру барысында бір жауапкершілігі шектеулі серіктестікте 295 млн теңге көлеміндегі грант қаражатының тиімсіз жұмсалғаны белгілі болды. Аталған қаржы зауыт салу және өнім өндіру мақсатында бөлінген. Алайда іс жүзінде қаражат нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған, ал жоба толық көлемде іске аспаған.
Қазіргі уақытта прокуратура бұл қаражатты сот тәртібімен мемлекетке қайтару бойынша шаралар қабылдап жатыр.
Ғылыми өнім полигоннан бір-ақ шыққан
Тағы бір резонансты жағдай ғылыми орталықтардың бірінде тіркелген. Онда лауазымды тұлғалар ғылыми зерттеулер аясында өндірілген 850 тоннадан астам тұқымдық астықты полигонға шығарып тастаған.
Нәтижесінде мемлекетке 100 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігі («Салғырттық») бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Қаржы бар, нәтиже жоқ жобалар
Жалпы тексеру қорытындысы бойынша 13 ғылыми жоба бекітілген жоспарларға сәйкес іске асырылмағаны анықталды. Бұл жобалардың барлығы мемлекеттік қаржыландыру алғанына қарамастан, күтілген нәтижеге қол жеткізбеген.
Прокуратура өкілдері бұл жағдайлар ғылымды қолдауға бөлінетін бюджет қаражатына деген сенімге нұқсан келтіретінін атап өтеді. Өйткені сөз тек қаржы туралы емес, елдің ғылыми әлеуеті мен даму мүмкіндігі туралы болып отыр.
Тексеру жалғасуда
Қадағалау органы мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыс әлі аяқталған жоқ. Алдағы уақытта жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, мемлекет мүддесін қорғау бойынша қосымша шаралар қабылданады.
Бұл жағдай тағы бір маңызды мәселені алға шығарады: грант бөлу жеткіліксіз, ең бастысы - оның нақты нәтижесі мен жауапкершілік. Әйтпесе, ғылымға арналған жобалар қағаз жүзінде қалып, ал миллиондар желге ұша береді.