Қостанай облысында қозғалыс шектелуіне байланысты 44 адам жылыту пунктіне орналастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қарабалық ауданында ауа райының қолайсыздығына байланысты «Алматы – Екатеринбург» автожолының 318–539 шақырым аралығында (Қарабалық кентінен Ресей Федерациясының шекарасына дейін) жүк және қоғамдық көліктер үшін қозғалысқа шектеу енгізілді. Бұл шара төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында қабылданды.
Енгізілген шектеулер нәтижесінде «Челябинск – Тәжікстан» бағытымен жүріп келе жатқан автобус қозғалысы тоқтатылды. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен 44 адам, оның ішінде 12 бала, жедел түрде жылыту пунктіне орналастырылды.
Жолаушыларға қажетті жағдайлар жасалып, ауа райы жақсарғанға дейін қауіпсіздік қамтамасыз етілді.
Қолайсыз ауа райы кезеңінде автожолдардың жағдайы туралы ақпаратты алдын ала нақтылап, қозғалысқа шектеу енгізілген кезде алыс жолға шықпауға, өзіңізбен бірге жылы киім мен қуатталған ұялы телефон алып жүруге кеңес беріледі.