«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттар конкурсының кезекті жеңімпазы – NIS IB мектебінің оқушысы әрі ең жас грант иегерлері Асанәлі Шоманов, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ол сыныптастарымен бірге мектеп бағдарламасындағы қиын тақырыптарды қысқа әрі түсінікті форматта меңгеруге арналған ойын қосымшасын әзірледі. Платформа «ASpan» деп аталды.

Жоба Асанәлінің мектебінде тез таралды. Ол «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын алғаннан кейін жобаны жетілдіріп, жаңа деңгейге көтерді. Бөлінген қаражатқа қажетті есептеу құрылғылары, жабдықтар мен жобаны таратуға арналған құралдар сатып алынды. Нәтижесінде «AspanX» қосымшасының алғашқы нұсқасы App Store платформасында жарық көрді.
«Президент Turkistan газетіне берген сұхбатында «Еліміздің болашағы – дарынды, бастамашыл әрі отаншыл жастардың қолында» деп атап өтті. Әрине, біз осы сенімді ақтағымыз келеді. Мемлекеттің қолдауына алғысым шексіз. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жобаның дамуына және мектеп деңгейінен де ауқымды етуге мүмкіндік берді», – деді жас жеңімпаз
«ASpan» платформасы тек мектеп бағдарламасын ғана қамтып қоймай, қаржы, өнер, салауатты өмір салты сияқты басқа да тақырыптар бойынша білім алуға мүмкіндік береді. Ал ойын форматы оқуышының қызығушылығын арттырып, білім алуға ынталандырады. Әрбір материал небәрі бірнеше минутқа есептелген.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жоба Бішкек қаласында өткен жастар форумында және «ТМД-ға арналған 100 идея» байқауында таныстырылып, «Білім беру» номинациясы бойынша жеңіске жетті.