«Астана Балет» театрының 2026 жылға жоспары орасан

869
Фотосурет: Астана Балет

Өткен маусым «Астана Балет» театрының даму динамикасын, театрдың ұлттық сахнадағы да, халықаралық сахнадағы зор әлеуетін растады.

2026 жыл да көркем идеялар мен халықаралық деңгеймен біріктірілген премьералық қойылымдар және сан-алуан гастрольдік жобаларға толы болары анық, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жаңа маусым театрдың шығармашылық бағытын дамытып, репертуарды кеңейтуге, ұлттық және халықаралық мәдени ортамен байланысты кеңейтуге бағытталатын болады.

Классикалық мұра мен заманауи хореография арасындағы диалогты қалыптастыратын премьералық қойылымдарға ерекше көңіл бөлініп, театрдың негізгі көркемдік бағдарын айшықтайтын жаңа ауқымды спектакльдер көрермен назарына ұсынылатын болады.

Морис Равельдің музыкасына қойылған заманауи бір актілі «Bolero Х» балеті. Boléro оркестрлік вариациялары негізінде жасалған қойылым, көрерменге бидің табиғаты мен оның пайда болу процесі туралы эстетикалық рефлексия ұсынады. Бұл қойылым ХХ ғасырдың музыкалық жауһарын ой елегінен қайта өткізіп, заманауи қойылымдар арқылы театрдың көрермен қауымға өзекті хореография тілін паш етпек ұмтылысын көрсетеді.

Театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри қойылымындағы «Қыз Жібек» балеті репертуардан ерекше орын алары анық. Спектакль дәстүрлі бейнелерді заманауи сахналық шешімдермен үйлестіре отырып, қазақ классикасын өзекті көркемдік формада ашып, мәдени мұраға ұқыпты қараудың үлгісі болады.

Әлемдік классика жауһары – «Баядерка» балетінің ауқымды премьерасы маусымның маңызды оқиғасы болмақ. Бұл туындыға назар аудару арқылы «Астана Балет» театры академиялық дәстүрді сақтауға пейілді екенін және отандық көрерменге әлемдік балет репертуарының үздік үлгілерін жоғары кәсіби деңгейде ұсынуға дайындығын растайды.

2026 жылғы репертуар әлемдік классиканың классикалық балеттерін, заманауи хореографиялық жобаларды, ұлттық бағдарламалар мен концерттік форматтарды біріктіреді. Театрдың симфониялық оркестрі қатысатын спектакльдер мен концерттер, сондай-ақ хор, солисттер мен шақырылған дирижерлерді жұмылдырған жобалар маңызды орын алады. Театр музыкалық бағытты тереңдетіп, оркестрді дербес көркем ұжым ретінде танытып, концерттік қызметті де жалғастырады.

Биыл «Астана Балет» театры жоспарлаған гастрольдік іс-шаралар да біршама: ел өңірлерінде өнер көрсету, сондай-ақ халықаралық мәдени тәжірибе алмасуларға қатысу. Білім беру және әлеуметтік жобаларға, оның ішінде Академиямен ынтымақтастықты дамыту, жас хореографтар мен әртістерді қолдау, сондай-ақ халықаралық шығармашылық бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылатын болады.

«Астана Балет» театрының директоры Тайыр Қаратаев:

«Біз театрды заманауи, ашық және қарқынды дамып келе жатқан алаң ретінде сақтау үшін дәйекті түрде жұмыс істеп жатырмыз. Жаңа маусым – тек премьералар мен гастрольдер ғана емес, сонымен қатар кәсіби ортаны нығайту, аудиторияны кеңейту және театрдың мәдени миссиясына жауапкершілікпен қарау», – деген ойын жеткізді

Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов алдағы жылдың көркемдік тұжырымдамасын атап өтті:

«Біз репертуарымызда классика мен қазіргі заман, ұлттық дәстүр мен хореографияның әмбебап тілі арасындағы диалог көрініс тапқанын қалаймыз. Көрермен үшін нағыз балет жауһарларын дайындамақшымыз: «Баядерка» балеті, «Қыз Жібек» балеті, сондай-ақ классика тың хореографиялық формалармен ұштасатын Bolero Х заманауи спектаклі. Театр маусымы жарқын әрі мазмұнды болары анық»

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -