Орландода өткен халықаралық олимпиада: қазақстандық оқушылар ғылымда жарқ етті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Орландо қаласында өткен Халықаралық Neo Science олимпиадасы қазақстандық оқушылар үшін зор табыспен аяқталды. Әлемнің 22 елінен 400-ден астам дарынды оқушы жиналған беделді білім додасында ел намысын қорғаған NURORDA мектеп-лицейі шәкірттері жоғары нәтиже көрсетіп, бірнеше жүлдені қанжығалады.
Ғылым мен инновацияны ұштастырған бұл олимпиада жас зерттеушілердің логикалық ойлауын, практикалық қабілетін және шығармашылық көзқарасын сарапқа салды. Қатысушылар түрлі бағытта – DIY жобалардан бастап жаратылыстану ғылымдары мен математикаға дейін бақ сынады.
DIY категориясы – алтын медаль
7-сынып оқушылары Жандәулет Амангелді, Али Ертай және Сүлеймен Мергенбаев Do It Yourself (DIY) санатында үздік деп танылып, алтын медальға ие болды. Олардың жобасы идеяның жаңашылдығы мен іске асыру сапасы бойынша қазылар алқасының жоғары бағасын алды.
Жаратылыстану ғылымдары – қола жүлде
Жаратылыстану ғылымдары бағыты бойынша бірқатар оқушылар табысты өнер көрсетті. 6-сынып оқушысы Айсана Саду, 8-сынып оқушысы Зере Саду, сондай-ақ 7-сынып оқушылары Али Ертай мен Адель Рахметова қола медаль жеңіп алды. Бұл нәтижелер жас ғалымдардың жүйелі дайындық пен ғылыми қызығушылықты ерте қалыптастырғанын көрсетеді.
Математика – тағы бір жетістік
Математика категориясында да NURORDA оқушылары жүлдесіз қалған жоқ. 8-сынып оқушысы Дәмелі Қазыбекқызы және 7-сынып оқушылары Жандәулет Амангелді мен Сүлеймен Мергенбаев қола медальға қол жеткізді.
Халықаралық деңгейдегі бұл жеңістер – тек оқушылардың ғана емес, оларды дайындаған ұстаздар мен ата-аналардың да еңбегінің жемісі. Орландода желбіреген қазақстандық ту тағы бір мәрте елде ғылымға, білімге құштар жас буын өсіп келе жатқанын дәлелдеді.