Қазақстан Үкіметі медициналық ұйымдарды қаржыландыру жүйесінде ауқымды заңбұзушылықтарды анықтады. Әңгіме жалған пациенттерді тіркеу, бір қызметті екі рет қаржыландыру, дәрі-дәрмектерді негізсіз есептен шығару және миллиардтаған теңгенің нақты медициналық көмекке жетпей қалуы туралы болып отыр. Тексеру қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің басқаруына беруді тапсырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қаражат көбейді, нәтиже жоқ
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының бюджет тәртібін күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүргізілді. 2025 жылғы 18 желтоқсанда Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігіне Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне талдау жүргізуді тапсырған.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, соңғы жылдары медицинаға бөлінетін қаражат айтарлықтай артқанымен, жүйенің тиімділігі сол деңгейде өспеген. 2026 жылы ӘМСҚ арқылы медицинаға бөлінетін шығыстар 2,4 трлн теңгені құрайды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1 трлн теңгеге көп.
Сонымен қатар 2020 жылдан бері Қордың жинақталған инвестициялық табысы 588 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде тек 2025 жылдың өзінде 195,9 млрд теңге табыс алынған. Алайда талдау көрсеткендей, қаражаттың едәуір бөлігі Қор активтерінде жинақталып, тікелей медициналық қызмет көрсетуге бағытталмаған.

IT-аудит жүйелі заңбұзушылықтарды ашты
Қаржы министрлігі жүргізген медициналық қызмет көрсету ақпараттық жүйелерінің IT-аудиті заңбұзушылықтардың жекелеген емес, жүйелі сипатқа ие екенін көрсетті.
Анықталған фактілердің ішінде:
- жалған пациенттерді тіркеу: тіркелген 1 мың адамның тек шамамен 500-і ғана нақты медициналық көмекке жүгінеді, алайда төлем толық контингент үшін жүргізіледі;
- азаматтарға жынысына немесе жағдайына сай келмейтін медициналық қызметтер көрсету;
- бір қызметті МӘМС және жұмыс берушілердің ерікті медициналық сақтандыруы арқылы қосарлана қаржыландыру;
- қысқа мерзімде медициналық қызметтердің «әдеттен тыс» көп көлемін көрсету;
- қайтыс болған азаматтарға медициналық қызмет көрсету;
- балаларға бір тәулікте мыңдаған дәрі-дәрмектерді жазып беру.
Бір күнде 1 442 пациент және өлімнен кейінгі қабылдау
Қаржы министрі Мәди Такиев тексеру барысында анықталған нақты деректерді келтірді.

Мәселен, Астана қаласындағы жекеменшік клиникалардың бірінде бір дәрігер бір күнде 1 442 пациентті қабылдаған. Ал қалыпты жағдайда, алты сағаттық жұмыс күнінде бір дәрігер орта есеппен күніне 24 адамға дейін ғана қабылдай алады. Сол клиникадағы басқа дәрігер бір айда 4 832 науқасты қабылдаған.
Тағы бір жағдайда бір маманның бір айда 1 713 емдеу жасағаны, ал кей күндері тәулігіне 300-400 тексеру жүргізгені тіркелген.
Қайтыс болған пациенттерге қатысты деректер де ерекше назар аудартты. Барлығы 996 қайтыс болған адамға медициналық қызмет көрсетудің 3 640 жағдайы анықталған. Соның ішінде 2023 жылы қайтыс болған азаматты 2025 жылы қабылдауға жазу фактісі де бар.

Ер адамдарға жатыр мойны обырына скрининг
Скринингтерге қатысты бұзушылықтар да үлкен көлемде тіркелген. Жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге тең 769 446 скрининг жағдайы пациенттің жынысына сәйкес келмеген.
Атап айтқанда:
- 768 827 ер адам жатыр мойны обырына скринингтен өткен деп көрсетілген;
- 619 ер адамға маммография жасалған.
Алматы облысындағы бір ғана аудандық ауруханада осындай 11 123 жағдай анықталған.

Балаларға мыңдаған дәрі бір тәулікте
Дәрі-дәрмекке қатысты заңбұзушылықтар әсіресе балаларға қатысты алаңдатарлық болып шықты. Тексеру барысында:
- балаларға дәрілік заттарды жүйелі түрде жалған тіркеудің 68 717 жағдайы;
- «Диксимид» препараты бойынша екі балаға 126 мың жазба тіркелгені, яғни әр балаға 63 мың рет есептен шығарылғаны анықталды (Жетісу облысы).
Сондай-ақ бір пациентке бір тәулікте дәрі-дәрмектерді 2 872 рет есептен шығару жағдайы белгілі болды. Астанадағы балалар ауруханасында 179 осындай факт тіркелген: 88 мың бірлік дәрі-дәрмек есептен шығарылған, ал науқастар стационарда бір күнге де жетпеген.
Қосарланған қаржыландыру және «қосарланған» пациенттер
Талдау барысында қосарланған қаржыландырудың екі кең таралған схемасы анықталды. Бірінші жағдайда жекеменшік клиникалар бір қызмет үшін жұмыс берушілердің ерікті медициналық сақтандыруынан да, МӘМС қаражатынан да бір мезгілде төлем алған. Екінші жағдайда бір науқас бір уақытта екі медициналық ұйымның базасында қатар тіркелген.

Клиника басшыларының қымбат активтері
Салық органдары медициналық ұйымдар басшыларына қатысты камералдық бақылау жүргізіп, олардың табыстары мен сатып алған мүліктерін талдады.
Нәтижесінде 2024-2025 жылдары 1 465 басшының 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік нысанын, ал 912 адамның 1 416 автокөлік сатып алғаны анықталды. Кейбір жекеменшік клиника басшылары екі жыл ішінде 52-ден 124-ке дейін жылжымайтын мүлік пен 14-тен 24-ке дейін автокөлік иеленген.

Бақылау жоқ, үнемдеуге ынта жоқ
Сондай-ақ ӘМСҚ мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің шашыраңқылығы және бірыңғай деректер базасының жоқтығы атап өтілді. Қолданыстағы нормативтік база көбіне нақты медициналық нәтижеге емес, жекелеген ұйымдардың функцияларына байланған.
Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы бастапқыда тексерілгенімен, кейінгі бақылау іс жүзінде жүргізілмейді. Үнемдеуге ынталандыратын тетіктер жоқ, ал үнемделген қаражатты бюджетке қайтару қарастырылмаған. Бұл жүйеде тиімділікке емес, қаражатты толық игеруге деген мотивация қалыптастырған.
Бұған қоса тариф белгілеу жүйесінде 3 мыңнан астам тарифтің қолданылуы медициналық қызметтерді басқару мен бақылауды күрделендіріп отыр.

Премьер-министр қандай тапсырмалар берді
Талдау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов:
- барлық анықталған деректерді процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына беруді;
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беруді;
- денсаулық сақтау жүйесінің барлық бизнес-процестерін Қаржы министрлігі жүйелері негізінде толық цифрландыруды;
- ӘМСҚ активтерін орналастыру және инвестициялық табыс алу стратегиясын қайта қарап, негізсіз қаржыландыруды тоқтатуды тапсырды.
Үкімет бұл шаралар медицинаны қаржыландыруды қысқарту үшін емес, жүйені тазалау, ашықтықты арттыру және мемлекет бөлетін қаражаттың нақты халық денсаулығына жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қабылданып отырғанын атап өтті.