Алматы қаласында ХХІІ дәстүрлі Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті. Зияткерлік додаға әлемнің 16 елінен — Армения, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Түрікменстан, Индонезия, Үндістан және Өзбекстаннан — 612 жоғары сынып оқушысы қатысты. Қатысушылар математика, физика және информатика пәндері бойынша терең білімдерін көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Жарыс екі турда өтті. Тапсырмалар мамандандырылған сыныптардың оқу бағдарламаларына сәйкес әзірленіп, құрамына әлемдік деңгейдегі танымал мамандар кірген халықаралық қазылар алқасы тарапынан дайындалды», — деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінде.

Қарағандыдан қатысқан төрт оқушы қола жүлдеге ие болды. Атап айтқанда, «Білім-Инновация» №1 лицейінің оқушылары Асқар Жұмағали, Даниял Нұрлан және Дінислам Амангелді математика, информатика және физика пәндері бойынша медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Батыр Ерденов информатика пәнінен жүлдегер атанды.
Батыр Ерденовтің айтуынша, олимпиада тапсырмалары күрделі болып, SOS DP, центроидтық декомпозиция және басқа да озық алгоритмдік тақырыптарды терең білуді талап еткен.
— Басқа елдерден келген мықты қатысушылардың өзі барлық тапсырманы шеше алмады. Мен үшін бұл олимпиадаға қатысу өте пайдалы әрі маңызды болды, себебі болашақта информатика бағыты бойынша жоғары оқу орнына түсіп, IT саласында жұмыс істеуді жоспарлап отырмын, — дейді оқушы.
Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар жалпы 132 медаль иеленді. Оның ішінде 28 алтын, 35 күміс және 69 қола медаль бар. Бұдан бөлек, жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлық гранттары табысталды.
Халықаралық Жәутіков олимпиадасы — 2005 жылдан бері Қазақстанда өткізіліп келе жатқан, 10–11-сынып оқушыларына арналған информатика, физика және математика пәндері бойынша жыл сайынғы халықаралық жарыс. Тапсырмалар орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде ұсынылады. Қорытынды әр пән бойынша жеке есепте және жалпы ұпай санына қарай командалық есепте шығарылады.