Қазақстанда «екінші нарық» алда: 2025 жылы қазақстандықтар қандай автокөліктерді таңдады

1166
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Vecteezy Images

2025 жылы Қазақстандағы автокөліктердің екінші нарығы тұтыну нарығындағы ең белсенді сегменттердің бірі ретінде өз орнын сақтап қалды. Жаңа автокөліктердің қымбаттауы, модельдер таңдауының шектеулілігі және автонесиеге қатысты сақтық «екінші нарықты» көпшілік үшін негізгі баламаға айналдырды. Көптеген қазақстандық дәл осы жолмен автопаркін жаңартты, деп хабарлайды DKNews.kz.

OLX Қазақстанның аналитикалық қызметі жыл қорытындысын шығарып, сұраныс пен ұсыныстың қалай өзгергенін және нарықтың қай бағытта дамып жатқанын көрсетті.

Маркалар бойынша көшбасшылар: баға мен сенімділік бірінші орында

2025 жылы екінші нарықта сатып алушылардың таңдауы негізінен жаппай қолданыстағы, тексерілген брендтерге түсті.

Абсолютті көшбасшы — Volkswagen. Бір жыл ішінде бұл марка бойынша 6 мыңнан астам хабарландыру жарияланып, 65 мыңнан аса кері байланыс тіркелген. Одан кейін Toyota келеді — шамамен 5 мың хабарландыру және 52 мыңнан астам қызығушылық. Үздік үштікті Audi түйіндеді, оның автокөліктері 56 мыңға жуық кері байланыс жинаған.

Сатылым белсенділігі жоғары алғашқы бестікке сондай-ақ:

  • Mercedes-Benz — 4 200-ден астам хабарландыру;
  • Hyundai — 1 600-ден астам хабарландыру енді.

Корейлік Hyundai мен Kia әсіресе 10 жылға дейінгі автокөліктер сегментінде тұрақты сұраныс көрсетті. Ал Changan мен BYD сияқты қытайлық брендтер ұсыныс көлемі жағынан артта болғанымен, бір хабарландыруға шаққандағы қызығушылықтың жоғары болуымен ерекшеленді. Бұл қытай автокөліктеріне деген сенімнің біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді.

Қандай автокөліктер өтімді болды

Ең жоғары сұранысқа шағын және орташа седандар, сондай-ақ қалалық кроссоверлер ие болды. Сатып алушылар пайдалану тарихы анық, жүрісі орташа және қызмет көрсетуі қолжетімді автокөліктерді таңдады.

Баға сегменті бойынша:

  • 6–7 млн теңгеге дейінгі автокөліктер тұрақты әрі тез сатылды;
  • 7–14 млн теңге аралығында ең көп мәміле 5–8 жылдық машиналарға тиесілі болды.

Премиум сегмент нарықта қалды, алайда мұндай автокөліктердің сатылу мерзімі ұзақ болды және көбіне елеулі жеңілдікті талап етті.

Өңірлер бойынша сұраныс қалай бөлінді

Екінші нарықтағы белсенділік өңірлерге қарай айқын айырмашылық көрсетті. Алматы облысы хабарландыру саны бойынша көш бастады — 5 400-ден астам ұсыныс және 55 мыңнан аса кері байланыс тіркелген.

Жоғары көрсеткіштер:

  • Ақмола облысында — шамамен 3 700 хабарландыру;
  • Қарағанды облысында — 3 300-ден астам хабарландыру байқалды.

Солтүстік және шығыс өңірлер — Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары — әрқайсысында 25–27 мың аралығындағы кері байланыспен тұрақты сұраныс көрсетті.

Ал оңтүстік өңірлерде, соның ішінде Түркістан облысында, ұсыныс көлемі төмен болғанымен, қолжетімді бағадағы автокөліктер жылдамырақ сатылды.

Сатып алушылар талапшыл бола түсті

OLX Қазақстан деректеріне сәйкес, 2025 жылы бір хабарландыруға келетін кері байланыс саны брендке, бағаға және өңірге байланысты қатты өзгерді. 8 млн теңгеге дейінгі жаппай брендтер қысқа уақытта 5–10 кері байланыс жинай алса, премиум модельдер кейде апталап назарсыз қалды.

Сатып алушылардың талабы артты: толық сипаттама, ашық пайдалану тарихы және нарыққа сай баға мәміленің тез жасалуына тікелей әсер етті.

2026 жылға болжам: өсім сақтала ма

Қазақстан Автобизнесі қауымдастығының мәліметінше, 2025 жылы екінші нарықтағы жалпы белсенділік 8 пайызға артты. Ерекше өсім мототехника сегментінде байқалды — 147 пайыз. Қытай автокөліктерімен жасалған мәмілелер көлемі екі есеге ұлғайды.

Сонымен қатар екінші нарықта үш жылға дейінгі салыстырмалы жаңа автокөліктердің саны көбейіп келеді. Бұл үрдіс бастапқы нарықтағы қозғалыспен тікелей байланысты. Сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылы жаңа автокөліктер нарығы 22 пайызға жуық өсім көрсетуі мүмкін, ал бұл екінші нарықтың да белсенді болуына әсер етеді.

2025 жылы Қазақстандағы автокөліктердің екінші нарығы бағаға, сенімділікке және ашықтыққа негізделген жаңа модельге өтті. Сатып алушылар рационалды шешім қабылдауды үйреніп, нарық біртіндеп жас әрі өтімді автокөліктерге қарай бет алды. Сарапшылардың болжамынша, бұл үрдіс 2026 жылы да жалғасады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -