ҰТК бойынша «тыныштық кезеңі». Кәсіпкерлерді не күтіп тұр

935
Жан Арыстанұлы Редактор
Фотосурет: Canva

Соңғы айларда Ұлттық тауарлар каталогын (ҰТК) енгізу қазақстандық бизнес үшін ең қызу талқыланған тақырыптардың біріне айналды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасына елдің түкпір-түкпірінен жүздеген өтініш түсті. Кәсіпкерлер электрондық шот-фактуралар бұғатталып қала ма, NTIN кодтарын қалай дұрыс таңдау керек, есепке алу жүйелері дайын ба деген сұрақтарға жауап іздеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қоғамдық тамақтану, бөлшек сауда, өнеркәсіп саласының өкілдері салықтық әкімшілендіру мен ҰТК-ны салалық ерекшеліктерге бейімдеу мәселелерін көтерді. Ал «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Шоқановтың әлеуметтік желідегі жазбасы бұл тақырыптың қаншалықты өзекті екенін айқын көрсетті - пікірлерде кәсіпкерлер ондаған нақты сұрақ қалдырды.

Мемлекеттік органдар не деді

Түскен өтініштерді, кәсіби қауымдастықтар мен әлеуметтік желілердегі пікірлерді саралай келе, «Атамекен» ҰКП өзекті сұрақтарды топтастырып, Сауда және интеграция министрлігі мен Қаржы министрлігіне жолдады. Кеңесулер нәтижесінде Палата бейінді ведомстволардан ресми түсіндірмелер мен нақты кепілдіктер алды.

Ең бастысы - ҰТК-ны тәжірибелік енгізу кезеңінде «тыныштық кезеңі» енгізілетіні расталды. Яғни электрондық шот-фактураларда ҰТК (NTIN) кодын көрсету міндетті болғанымен, осы кезеңде оның болмауы үшін санкциялар қолданылмайды.

Сонымен қатар, ЭШФ жазуға ешқандай шектеу қойылмайды. Мұндай құжаттар бойынша қосылған құн салығын есепке алу толық көлемде жүргізіледі. Бұл бизнеске процестерін асықпай реттеп, жүйені қаржылық тәуекелсіз меңгеруге мүмкіндік береді.

Өнеркәсіп пен импорттаушылар үшін маңызды шешім

Өтініштердің едәуір бөлігі өнеркәсіп секторы мен құрамдас бөлшектер импортына қатысты болды. Кәсіпорындар әрбір бөлшекке жеке код талап етіле ме деген алаңдаушылық білдірді.

Уәкілетті органдармен диалог барысында өндірістік процестердің басымдығы қағидаты бекітілді. Егер шикізат, қосалқы бөлшектер мен компоненттер тек кәсіпорынның ішкі қажеттілігі үшін пайдаланылса - мысалы, жабдықтарды құрастыру немесе жөндеу үшін - және жеке тауар ретінде сатылмаса, NTIN коды талап етілмейді.

Бұл шешім өндірістік кәсіпорындарды артық әкімшілік жүктемеден сақтап, олардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бөлшек сауда, қайталанатын кодтар және hand-made

Бөлшек сауда өкілдері ҰТК-дағы қайталанатын тауар карточкаларына ерекше назар аударды. «Атамекен» ҰКП бастамасымен бұл мәселе жүйенің техникалық операторларына жеткізілді. Нәтижесінде деректер қорын ауқымды тазалау басталып, жүздеген қайталанатын жазба жойылды.

Өтпелі кезеңде кәсіпкерлерге ең кіші сандық мәні бар NTIN кодын таңдау ұсынылады. Әдетте бұл ең алғашқы және дұрыс қалыптастырылған карточка болып саналады.

Жекелеген бизнес санаттары бойынша да нақты түсіндірмелер берілді. Фабрикалық штрихкодтары жоқ қолөнершілер мен hand-made өнімдерін өндірушілер үшін негізгі идентификатор ретінде шебердің есімі қолданылады. Бұл бірдей бұйымдарды әртүрлі авторлар бойынша ажыратуға мүмкіндік береді.

Сыйлық жиынтықтары бойынша да нақты ереже бар: егер жиынтық біртұтас тауар ретінде сатылса - бір код пайдаланылады. Ал егер оның құрамындағы тауарлар бөлек сатылуы мүмкін болса, әр позицияға жеке код қажет.

Қоғамдық тамақтану мен кассалық техника

Қоғамдық тамақтану саласында тағам құрамының жиі өзгеруіне байланысты арнайы әдістеме әзірленіп жатыр. Ол мемлекеттік органдармен бірлесіп дайындалуда және талқылау аяқталғаннан кейін бизнеске ұсынылады.

Ал есепке алу жүйелері мен кассалық жабдықтарға қатысты ведомстволар маңызды жайтты атап өтті: мемлекет жеке бағдарламалық қамтамасыз ету нарығын реттемейді. Сонымен қатар, 2.0.3 нұсқалы хаттамасы бар барлық бақылау-кассалық машиналар ҰТК-мен техникалық тұрғыдан үйлесімді.

Егер ақаулар туындаса, олар ҰТК базасының жұмысына емес, нақты есепке алу жүйелерінің баптауларына байланысты болуы мүмкін.

Кім не үшін жауап береді

Уәкілетті органдар жобадағы жауапкершіліктің нақты бөлінісін де түсіндірді. Бизнес тауарлар туралы деректердің толық әрі дұрыс енгізілуіне жауапты. Жүйе операторлары ақпаратты тексеріп, модерация жүргізеді. Ал мемлекеттік базаның техникалық тұрақтылығын Электрондық қаржы орталығы қамтамасыз етеді.

Ұлттық тауарлар каталогын қолданудың бірыңғай әдістемесі барлық пысықтаулар аяқталғаннан кейін жарияланбақ.

Диалог жалғасады

ҰТК-ны енгізудің қазіргі кезеңі - бұл өтпелі әрі бейімделу кезеңі. «Тыныштық кезеңі» кәсіпкерлерге жүйені асықпай меңгеруге, қателерді айыппұлсыз түзетуге мүмкіндік береді.

«Атамекен» ҰКП атап өткендей, туындаған қиындықтардың бір бөлігі Ұлттық тауарлар каталогының өзіне емес, ақпараттық және есептік жүйелердің бапталуына байланысты. Бұл бағыттағы жұмыс жауапты тараптармен бірлесіп жалғасады.

Кәсіпкерлерден өтініштер жинау да тоқтаған жоқ. Сұрақтар мен ұсыныстарды d.autalipov@atameken.kz электрондық поштасына жолдауға болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -