Ол шынайы оқиғаға негізделген «Алтыншы бекет» және «Қазбат» көркем фильмдерінде өнер көрсеткен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің алдында әскери көрмені таныстырып, ауқымды шараларды жүргізді. Алайда, ол актер емес, жүргізуші де емес, тәрбиеші офицер. Ол қатып қалған қағидаларға сүйенбейді. Саңқылдаған дауысы мәнерлі ырғағымен жеке құрамды ешқандай пафоссыз қарапайым өмірлік мысалмен тәрбиелей білетін әскери қызметшінің есімі тәрбиеші офицерлер күнінде аталмай қалуы айып. Осы орайда, Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Серік Ноғаевпен аз кем сөз өрбіттік.
- Ұлттық ұланның Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің іргесі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасымен түйіскен соң жүктелген жауапкершілік те едәуір арта түседі, деп бастады сөзін сұхбат иесі. Шынымен де, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасымен 3477 және 6699 әскери бөлімдері әскери қызметшілерінің басы қосылса, кең көлемдегі салтанатты шаралар ұйымдастырылса, барлығы тайлы-тұяғымен қалмай, 5518 әскери бөліміне жиналады. Ал, мұндай ауқымды шаралардың тізгінін ұстап, жоғары нәтижеде жүргізуде әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Серік Ноғаевтің ұйымдастырушылық қабілеті мен шығармашылық көзқарасы қажет.

- Мен 1989 жылы 31 наурызда Түркістан облысы Төле би ауданы Ақбастау ауылында дүниеге келдім. Ақбастау ауылында жүзге жуық ошақ түтінін түзу түтетіп отыр. Ауылда цемент шығаратын зауыттарға тиесілі бірнеше карьер бар. Таудан тас қазып алатын, қыз-қыз қайнаған карьер ауыл тұрмысының бойына қан жүгіртуде. Қазығұрт тауының етегінде орналасқан ауылда мал шаруашылығы да кеңінен өріс жайған. Ал, менің әке-шешем теміржол саласында еңбек етті. Нақтылай түссем, әкем теміржолда саласында алғашында станция кезекшісі, артынша машинист көмекшісі қызметінде қарқынды қызмет атқарды. Анамда әкем сияқты нәпақасын теміржолдан тапты. Шешем маман ретінде жұмыс атқарды. Біз отбасыда үшеу болдық. Алдымда жол көрсетер ағам болса, артымда қарындасым бой жетіп келе жатты. Мен Ақбастау ауылындағы орта мектептен білім алдым. Мектеп қабырғасында мен география және Қазақстан тарихы пәндерін іждағаттылық танытып, аса қызығып оқитынтымын. Тіпті, аудан аралық, кейін қала аралық олимпиадарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Балалық шақтан бір белгі, әскерде Литвада болған әкемнің әскери киімі үй төрінде ілініп тұратын. Біздің отбасы үшін, әсіресе мен үшін кеуде тұсы ордендермен көмкерілген әскери киім қастерлі саналды. Құдды музейдегі экспонаттай саусағымызды тигізбей, сыртынан тамашалайтынбыз. Сондықтан болар, менде өскенде әскери қызметші болуды балаң шағымнан армандадым. Дәл әкемдікіндей киім киім, алшаң басып жүргім келді. Әкемнің әскердегі фото-альбомдарын тіптен қызық еді. Үйге қонақ келсе, ұқыптап ұстап, әскери өмірдің әрбір сәтінен естелік болып қалған жәдігерлерге мұқият қарайтынмын. Ер жете келе ағам Қостанай қаласындағы Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өткерді. Ал,қарындасым болса, мектепті тәмамдағаннан кейін жоғары оқу орынына грантқа түсіп, қазіргі таңда Шымкент қаласында ветеринарлық дәрігер болып қызмет жасауда. Ал, ағам кейіннен әкем мен шешемнің жолын қуып, теміржол саласында қызмет атқарды. Ал, мен болсам, мектепті тәмамдағаннан кейін, Ұлттық біріңғай тестілеуден 86 балл жинадым. Төртінші пәнге физиканы таңдадым. Алдымда екі жол тұрды. Бірі техникалық мамандық, бірі әскери мамандық. Мен 2007 жылы Петропавл қаласындағы ІІМ ішкі әскерінің жоғары әскери училищесінің команда-тактикалық басшылық мамандығы бойынша алғашқы қазақ тобына оқуға түстім. Айта кетейік, ол уақытта әскери оқу орынға түсуге тайталас қызып тұрды. Бір орынға жеті-сегіз адам таласып, іріктеуден сүрінбей өткендері ғана оқуға түсетұғын. Мен екінші курстың соңында бөлімше командирі болып тағайындалдым. Ал 2009 жылы ішкі әскердің жоғары әскери училищесі әскери институт мәртебесін алады. 2011 жылы әскери оқу орынын аяқтап, алғашқы офицерлік лейтенант шенін алып, ішкі әскер Бас қолбасшысының бұйрығымен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөліміне жедел мақсаттағы батальонының взвод командирі болып тағайындалдым. Мен әскери қызметімді оқу бригадасынан бастауға өзім сұрандым. Бұл үшін басшылыққа төрт рет кіріп шыққаным, кешегі күндей әлі есімде. Өйткені, мен аттанатын әскер нысан - кіші командирлер мен арнайы мамандарды даярлайтын жалғыз Ұлттық ұланның оқу бригадасы. Ол жерде әскери өмірде тәжірибесі мол командирлерді, сержанттарды тәрбиелеп шығаратын үлкен орталық бар. Әскери бөлімдегі тағылымды офицерлерден тәжірибе алып, олардан оқып-үйреніп, болашақта кіші мамандарды, арнайы мамандарды даярлау бойынша мол тәжірибе жинадым. Мен 2011-2014 жылдары аралығында жедел мақсаттағы батальонының взвод командирі болсам, 2014-2016 жылдары аралығында жедел мақсаттағы батальоны рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Бұл ерекше батальон болды. Жай ғана жедел мақсаттағы батальон емес, бітімгершілік батальоны деп аталды. Бас қолбасшысының бірінші резервінде тұр. Кез келген жағдайда еліміздің қай түкпірінде қандай оқыс оқиға болған жағдайда бірден жауынгерлік қызмет атқаратын әскери қызметшілер қызмет атқарды. Біз әрдайым жауынгерлік дайындықпен айналыстық. Біз қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Жаңаөзен қаласына бірнеше мәрте қызметке атқардық. Уақыт өте келе ол өңірде 5548 әскери бөлімі ашылған соң, ол жаққа баратын сапарымыз саябырсыды. 2016 жылдан 2022 жылдың мамыр айына дейін арнайы мамандар мен кіші командирлерді даярлайтын оқу батальонында қызмет атқардым. Нақтылай түссек, 2016- 2018 жылдар аралығында бірінші оқу рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болдым. Яғни, Ұлттық ұлан әскери бөлімдеріне байланыс мамандары мен радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау мамандарының даярлайтын ротада қызмет атқардым. 2018- 2022 жылдар аралығында оқу батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Оқу батальонына орташа есеппен жылына екі жарымға жуық білім алушы келіп оқитын. Осы орайда айта кететін бір жайт, оқу бригадасында үздік офицерлер құрамы қызмет атқарды. Дәл қазіргі лауазымда қызмет атқарып жатқаныма 6654 әскери бөлімінің тигізген үлесі ересен зор. Мен сонда жүріп, шынайы оқиғаға негізделген «Алтыншы бекет» және «Қазбат» көркем фильмдеріне түстім. «Алтыншы бекет» фильмінде нұсқаушы рөлін сомдап ғана қоймай, кино үдерісінде әскери өмірдің қалай сахналану қажеттігінен кеңесімді бердім. Сонымен қатар, Алматы облысы бойынша «Үздік жас әскери қызметкер» аталымы бойынша байқауға қатысып жеңімпаз атандым. Әскери бөлімде өткен кез келген іс-шараның тізгінін ұстап, жүргізуші болдым. 2021 жылы тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан құрылымының Алматы облысындағы Жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында өткен «Қайсар-2021» жедел-тактикалық оқу-жаттығуларына келді. Мемлекет басшысына арнайы жасақ қызметкерлерінің қоян-қолтық ұрысқа дайындығы көрсетілді. Қасым-Жомарт Кемелұлы жаттығу жүйелері, биікке өрмелеу қабырғалары және оқу орталығының мультимедиялық мылтық ату полигонын аралады. Сол уақытта мен 6654 әскери бөліміне келген Мемлекет басшысына Ұлттық ұлан жауынгерлеріне арналған құрал-жабдықтан тұратын көрме таныстырдым. 2022 жылы мамыр айында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 3477 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалдым. Алайда, арада ұзақ уақыт өтпей сол жылдың тамыз айында 5518 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымында қызметімді бастадым. Әскери бөлімге келген уақыттағы алғашқы жетістігім – 5518 әскери бөлімі Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы полктерінің ішінен жыл қорытындысы бойынша бірінші орын алды. Тағы да бір мақтанышпен айтуға болатын дүние ол - менің қол астымда істеген офицерлер қазір «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымында табанды түрде қызмет атқаруда. Мысалға, подполковник Аңсар Шәкенов 3477 әскери бөлімінде, ал майор Рүстем Ғабдулин 5512 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып, жұмысын жалғастыруда. Баршасына ақыл-кеңесімді айтып, білмегенімді үйретіп, әрдайым етене тығыз байланыстамыз.
- Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде командирдің ең үздік тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары деп кімді айтар едіңіз?
- Ойланатын сұрақ екен. Мен бұл сұраққа былай жауап беремін. Менің ойымша, үздік деп «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5513 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Кансеитов Бауыржан Бекзатұлын айта аламын. Ол жеке құрамның рухын қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға итермелеумен бірге темірдей тәртіп орнатуда алдына жан салмайтын өте әділ тәрбиеші офицер. Әскери, психологиялық-педагогикалық, әдістемелік дайындық дағдыларын ерекше қолданады деп айта аламын. Өкінішке орай, ол офицермен бірге қызмет ету әзірше бұйырмады. Алайда офицерді әскери институт қабырғасынан білемін. Менен екі курс жоғары оқыған. Жыл сайын өткізілетін бөлім командирлерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларымен өтетін оқу-әдістемелік жиындарда кездесеміз. Сол уақытта барлық іс-шараларға белсене қатысып, айшықты ойларын әрдайым ортаға салудан жалыққан емес. Қызметтік іс-сапармен 5513 әскери бөлімінде де болдым. Ол кезде де білікті офицердің тәрбие бағытында атқарылған ұтымды істеріне қанық болдым. Әрине, бұл офицер таяуда ғана «Орталық» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басқарма бастығы лауазымына тағайындалды. Ұлттық ұлан сапынла табанды қызмет атқарып жүрген әскери қызметші бұл лауазымға әсте лайықты деп ойлаймын.
- Бұл офицерді үлгі етесіз бе?
- Үлгі деп айта алмаймын. Үздік деп айта аламын. Дегенмен, подполковник Бауыржан Бекзатұлының іскерлігіне таңырқап қараймын. Маған бағыт-бағдар беріп, тағылымын дарытқан ол қазіргі таңда «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Тоқтар Берік Серікұлы. Міне, менің жадымда бұл офицердің ізденімпаздығы, сұңғылалығы тайға таңба басқандай қалып қалды. Әсіресе, Берік Серікұлының әрбір іс-шараға деген шығармашылық көзқарасы кез келген адамды тәнті етпей қоймайтын. Міне, мен полковник Берік Серікұлын қазірге дейін үлгі тұтамын. Қайшылық сәттерде полковниктің ақыл-кеңестерін есіме алып, түйткілді шешімдер қабылдайтын кездер болады.
- Сіз ұстанатын ұран қандай?
- Менің ұраным алдымен жастарды оқыту және үйрету, көрсету, содан кейін бірақ талап ету болып табылады. Жалпы, біріншіден жауапкершіліктен қашпау керек. Ұжымның ауызбіршілігін реттеп, жеке құрам алдында әділ болу қажет. Бірлесіп көтерген жүк жеңіл демекші, барлығын бірге шешуге талпынып, әркімнің еңбегін бағалау қажет. Әскери бөлім табалдырығын аттаған жас офицерлер басында үркектеп қалады. Сол уақытта оларға тәрбиеші ретінде қолдау көрсетіп, әскери істің жолдарын дұрыс нұсқау қажет. Сол уақытта біздің жастарымыз қуана-қуана аяққа тұрып кетеді. Ең әуелі әскерге келген жас сарбаздар бойында Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм қасиеттерін қалыптастыру менің осы жолды таңдаудағы басты мақсатым. Міне, осы жас сарбаздарға тәрбие беріп, өзімнің үлесімді қоссам, өзімнің де қызметіме көңілім толады деп есептеймін.
- Алға қойған жоспарыңыз?
- Алға қойған жоспар – Ұлттық ұлан сапында абыройлы қызмет ету. Саналы ғұмырымды бұл салаға арнаған әрімен қарай қарышты қадамдар басу болу, жетілу, алдағы асуларды бағындыру болып табылады. Астана қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Ұлттық қорғаныс университетіне түсу жоспарда бар. Ол, әрине уақыттың еншісінде.
- Келелі сұхбатыңызға рақмет, Серік мырза! Тәрбиеші офицерлер күніне орай жылы лебізіңіз болса, мархабат!
- Қазіргі таңда тәрбиеші офицерлер тұғыры биік тәуелсіз елімізге, құқықтық-тәртіп әскерінің дамуына аянбай еңбек етуде. Сондықтан болар, жеке құрамның алдында қашанда тәрбиеші офицерлердің орны бөлек. Олар әрқашан жауынгерлердің рухын көтеріп, моральдік-психологиялық тұрғыда демеу болады. Ұлттық ұланның айбынын асырып, Отанды қорғау жолында жеке құраммен жас ұрпақты тәрбиелеп келе жатқан тәрбиеші офицерлер күні құтты болсын! Әрқашан еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын.
Лейтенант Рүстем Мұхамет-Рақым, Өскемен қаласы