Қырғызстандық сарапшы: Тоқаев сұхбаты жаңа қоғамдық келісімнің логикасын көрсетті

1199
Фотосурет: Gov

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы сұхбатында елдегі реформалардың жүйелі әрі қайтымсыз сипатына ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы саяси жаңғыруды, экономикалық модернизацияны және әлеуметтік саясатты біртұтас трансформациялық үдеріс ретінде қарастырып, институционалдық негізді күшейтудің маңызын атап өтті.

Бұл көзқарас реформаларды жекелеген бастамалар жиынтығы емес, ұзақ мерзімді даму логикасына негізделген жаңа қоғамдық келісім ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.

Осы тақырып аясында біз Қырғызстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық бастамалар институтының экономикалық мәселелер жөніндегі бөлім меңгерушісі Вячеслав Пакпен әңгімелесіп, Қазақстандағы реформалардың мазмұны, олардың институционалдық тіректері, салық саясаты, инфрақұрылымдық даму және цифрландырудың келешегі жөнінде сараптамалық пікір алдық.

– Сұхбатта реформалардың қайтымсыздығы ерекше аталады. Қандай институционалдық өзгерістер бүгіннің өзінде осы бағыттың тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр?

– Қазақстандағы реформалардың тұрақтылығы бүгінде тек саяси мәлімдемелермен емес, ең алдымен институционалдық шешімдермен қамтамасыз етіліп отыр. Президенттің сұхбатында саяси трансформация, экономикалық модернизация және әлеуметтік саясат арасындағы өзара байланыс нақты көрсетілген, бұл өзгерістердің нүктелік емес, кешенді сипатта екенін аңғартады.

Маңыздысы – Қазақстан модернизацияның институционалдық базасын жүйелі түрде күшейтіп келеді: нормативтік орта дамып, салалық заңдар жаңартылуда, цифрландыру мен жасанды интеллектке жауапты жаңа үйлестіруші органдар құрылуда.

Цифрлық даму және жасанды интеллект саласындағы арнайы министрліктің құрылуы, ұлттық суперкомпьютерлік қуаттардың іске қосылуы, сондай-ақ жаңа заңнамалық тәсілдердің бекітілуі – мұның барлығы реформалардың «қаңқасын» қалыптастырады. Мұндай жағдайда бұрынғы басқару модельдеріне оралу тек саяси емес, техникалық тұрғыдан да барған сайын қиынға соғады.

– Салық реформасы жаңартылған қоғамдық келісімнің бір бөлігі ретінде ұсынылды. Бұл тәсілдің бизнес пен инвестициялар үшін қандай оң әсері бар деп ойлайсыз?

– Салық реформасының жаңартылған қоғамдық келісім аясында қарастырылуы – мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы сенімді нығайтатын маңызды белгі. Мұндай тәсіл салық өзгерістерін тек фискалдық шара ретінде қабылдаудан арылтып, оны өзара міндеттемелер мен ережелердің болжамдылығы кеңістігіне көшіреді.

Бизнес үшін бұл, ең алдымен, ұзақ мерзімділік пен тұрақтылық сигналы. Реформалар кең ауқымды модернизациялық бастамалармен сабақтас болған жағдайда, инвесторларда ойын ережелері жыл сайын түбегейлі өзгермейтініне деген сенім қалыптасады.

– Инфрақұрылым мен логистикаға үлкен көңіл бөлінген. Бұл Қазақстанның өңірлік және халықаралық экономикалық үдерістердегі рөлін қалай күшейтеді?

– Сұхбатта инфрақұрылым мен логистикаға басымдық берілуі – заңды құбылыс. Қазақстанның транзиттік әлеуеті айрықша, ел жаңа еуразиялық көлік дәліздерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр.

Президент атап өткен энергетикалық, коммуналдық және көлік желілерін ауқымды жаңғырту тұрақты экономикалық өсімнің негізін қалайды және Қазақстанды Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыратын стратегиялық торап ретінде нығайтады. Сенімді инфрақұрылым мен болжамды транзиттік ережелер аймақтық сауда, кооперация және интеграциялық жобалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

– Президент өңірлік дамудың маңызын ерекше атап өтті. Бүгінде өңірлер модернизацияның белсенді қатысушылары болуға қаншалықты дайын?

– Мемлекет басшысының өңірлік дамуға ерекше көңіл бөлуі – орталықтандырудан теңгерімді аумақтық дамуға көшуге берілген маңызды сигнал. Қазақстан өңірлері инфрақұрылымдық, әлеуметтік және инвестициялық жобаларды іске асыруда елеулі тәжірибе жинақтады.

Бүгінде бұл тәжірибе, сұхбат мазмұнына қарағанда, жалпыұлттық модернизациялық стратегияның бір бөлігіне айналып отыр. Өңірлерде базалық инфрақұрылым, кадрлық әлеует және орталық тарапынан ірі бағдарламалар арқылы көрсетілетін қолдау бар. Ең маңыздысы – өңірлер «қолдау объектісі» емес, өсімнің серіктесі әрі драйвері ретінде қарастырыла бастады. Бұл – анағұрлым орнықты даму моделінің негізі.

– Цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру құралы ретінде қарастырылады. Алдағы жылдары қай салаларда нақты нәтиже байқалуы мүмкін?

– Президент сұхбатында цифрландыру мен жасанды интеллект сәнді тренд емес, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен басқару жүйесінің тұрақтылығы мәселесі екені анық айтылған.

Арнайы министрліктің құрылуы, суперкомпьютерлердің іске қосылуы, жасанды интеллект туралы заңның қабылдануы және ауқымды білім беру бағдарламалары бірнеше салада айқын нәтиже береді деп күтуге негіз бар.

Біріншіден, бұл – мемлекеттік қызметтер мен деректерді басқару саласы. Жасанды интеллект шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, талдау сапасы мен ашықтықты күшейтеді.

Екіншіден, қаржы секторы мен финтех – цифрлық технологиялардың азаматтар мен бизнес өмірін қалай өзгерте алатынын қазірдің өзінде көрсетіп отыр.

Үшіншіден, жасанды интеллект саласындағы білім беру мен кадр даярлау – Қазақстанның ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігінің және жаһандық цифрлық экономикадағы орнын нығайтудың негізі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -