Қазақстан мен Түркия стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне шығып жатыр

1023
Фотосурет: Аkorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесудің қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізді. Келіссөздер барысында тараптар саяси, экономикалық, көлік-логистика, энергетика, цифрландыру және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Президент Түркия басшысына Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы тарихи байланыстардың маңызын ерекше атап өтті.

Тоқаев: Түркия – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ пен түрік халықтарының тарихи және рухани байланысы бүгінде стратегиялық серіктестікке ұласқанын айтты.

«Атажұртқа тағы да қош келдіңіздер деймін! Сіздің Қазақстанға ат басын бұрып, мемлекеттік сапармен келуіңіз – біз үшін зор мәртебе. Қазақ пен түрік – тамыры бір туысқан халықтар. Сондықтан бұл сапардың мәні де, мазмұны да айрықша. Түркия – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Екі елді ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланыстар, ортақ мәдениет пен рухани құндылықтар біріктіреді. Біз – бір-бірімізге шынайы тілеулес елдерміз. Мақсатымыз – бір, бағыт-бағдарымыз – айқын. Ең басты міндет – халықтарымыздың ынтымағын күшейтіп, табысын арттыру».

Президент қазіргі Түркияның халықаралық аренадағы беделі мен ықпалы Режеп Тайип Ердоғанның көшбасшылығымен тікелей байланысты екенін айтты.

«Бүгінде Түркия – әлемде саяси ықпалы зор, экономикасы қуатты, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет. Бұл Президент Режеп Тайип Ердоғанның арқасы екеніне бүкіл әлем куә, бұған ешкімнің күмәні жоқ. Тағы да атап өту қажет: Түркияның биік белестерге шығып, зор табысқа жетуі оның жоғары басшысының көреген көшбасшылығы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ мұның түп-тамырында түрік халқының даналығы, еңбекқорлығы, батылдығы мен бірлігі жатыр деп санаймын».

Қазақстан мен Түркия «Мәңгілік достық» декларациясын қабылдады

Кездесу барысында Қазақстан мен Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді.

Мемлекет басшысы тараптар маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойғанын айтты.

«Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығая түсті. Біз бүгін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткіздік. Нәтижелі кеңес болды. Өзара серіктестікке серпін беретін басым бағыттарды айқындадық. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды одан әрі нығайтуға уағдаластық».

Сонымен қатар Тоқаев екі ел «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларация қабылдағанын айтты.

«Ең бастысы, қазақ-түрік қатынасын жаңа деңгейге көтеретін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларацияны қабылдадық. Бұл тарихи құжат, шын мәнінде, халықтарымыздың бірлігі мен болашаққа деген ұмтылысының бірегей нышаны екені анық», деп хабарлайды DKNews.kz.

Түркия Қазақстан экономикасына 6 млрд доллар инвестиция салған

Президент Түркия Қазақстанның ірі инвесторларының бірі екенін атап өтті.

«Бүгінге дейін түрік кәсіпкерлері экономикамызға 6 миллиард доллар көлемінде қаражат салды. Қазақстанның да бауырлас мемлекетке салған инвестициясы өсіп, шамамен 2,5 миллиард долларға жетті. Қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Бұл – біздің ұзақ мерзімге арналған серіктестігіміздің кепілі».

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы тауар айналымы 5 миллиард доллардан асқанын айтты.

«Сондай-ақ Түркия – еліміздің ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Екі ел арасындағы алыс-беріс 8,8 пайызға өсіп, 5 миллиард доллардан асты. Әрине, экономикамыздың әлеуетін ескеретін болсақ, бұл көрсеткішті арттыруға толық мүмкіндік бар».

Тоқаев түрік инвесторларын жаңа жобаларға шақырды

Президент Қазақстанда инвесторлардың құқығы қорғалатынын айтты.

«Соның ішінде шетелдік меншік пен инвесторлардың құқығы жан-жақты қорғалады. Бұған қоса, түрік бауырларымызға Қазақстанның Altyn Visa бағдарламасын қолдануға болады. Бұл визаны алған кәсіпкерлер мен мамандарға салық және көші-қон мәселесіне қатысты жеңілдіктер беріледі».

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың маңызы артқанын жеткізді.

«Біздің елдерімізді Шығыс пен Батысты жалғайтын көпір деуге болады. Осы ортақ игілігімізді барынша тиімді пайдалану қажет. Сондықтан қадірлі Режеп Тайип Ердоған мырзамен нақты жобалар арқылы «Орта дәліздің» әлеуетін арттыруға уағдаластық».

Сонымен қатар Президент TAV Airports Holding компаниясының Алматы әуежайын дамыту жобасына қолдау көрсетілетінін айтты.

Энергетика, цифрландыру және ауыл шаруашылығы талқыланды

Келіссөз барысында энергетика саласына ерекше назар аударылды.

«Мұнай-газ нарығындағы жағдайды ескере отырып, осы бағыттағы ықпалдастықты жандандыруға уағдаластық. Turkish Petroleum Corporation компаниясы Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр. Біз мұны құптаймыз».

Президент ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды да атап өтті.

«Тағы бір маңызды сала – ауыл шаруашылығы. Бұл бағытта бірқатар инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Соның ішінде Tiryaki Agro және Alarko Holding компанияларының жұмысын атап өткім келеді».

Тоқаев жасанды интеллект пен цифрландыруды Қазақстан үшін стратегиялық басымдық деп атады.

«Қазақстан жасанды интеллект пен цифрландыру саласын дамытуды стратегиялық басымдық ретінде қарастырады».

Тоқаев Ердоғанға Qoja Ahmet Yasaui орденін тапсырды

Мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоғанға Qoja Ahmet Yasaui ордені табысталғанын айтты.

«Сондықтан мен қадірлі досым, бауырым Режеп Тайип Ердоғанды түркі әлемінің рухани көсемі – Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттадым. Мұны барша қазақ елінің түрік жұртына және Түркия Президентіне деген зор құрметінің көрінісі деуге болады. Ердоған мырза осы беделді награданың тұңғыш иегері екенін ерекше атап өткім келеді».

Ердоған: Орта дәліздің маңызы артып келеді

Режеп Тайип Ердоған келіссөз барысында түрлі саладағы ынтымақтастық мәселелері қаралғанын айтты.

«Жібек жолының бүгінгі баламасы ретінде Каспий арқылы өтетін Орта дәліздің маңызы күн санап артып келеді. Біз Қазақстанмен және басқа да серіктестерімізбен бірге бұл дәлізді тауар тасымалын ілгерілету үшін ынталандыруды жалғастырамыз».

Түркия Президенті екі ел байланысын жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін жеткізді.

«Жерорта теңізінен Орталық Азияға дейінгі аумақта тілде, пікірде, істе бірлік ұранымен байланыстарымызды жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз. Түркі әлемінің мәдени қазыналарын, ұлы тұлғалардың идеяларын, шығармалары мен рухани мұрасын болашақ ұрпаққа аманаттауды ортақ жауапкершілігіміз деп білеміз».

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -