2025-2026 оқу жылының үшінші тоқсанында Алматы қаласының барлық мемлекеттік мектебі отандық BilimClass цифрлық платформасына толық көшті. Бұл — қаланың білім беру жүйесіндегі ең ауқымды цифрлық өзгерістердің бірі.
BilimClass платформасы Қазақстан Республикасының заңнамасына толық сәйкес және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын толық сақтайды. Сонымен қатар платформа толықтай тегін — оны пайдалану үшін мектептер де, ата-аналар да, мемлекет те ақы төлемейді.
DKNews.kz тілшісі бұл көшу процесінің егжей-тегжейін, сондай-ақ таңдаудың не себепті қазақстандық платформаға түскенін зерттеді.
Бүгінде дербес деректердің қорғалуы, цифрлық тәуелсіздік пен білім беру жүйесіндегі ІТ-шешімдердің тұрақтылығы маңызды мәселеге айналған тұста, Алматы мектептерінің отандық платформаға көшуі айрықша мәнге ие.

Неге көшу жазда жүзеге аспады
BilimClass өкілдерінің айтуынша, платформаға көшу бастапқыда жаз мезгіліне, жаңа оқу жылы басталғанға дейін жоспарланған.
Алайда бұл жоспар іске аспады.
Компания мәліметінше, бұрынғы жүйе түрлі техникалық жұмыстар мен формалды себептерді алға тартып, көшу процесін тежеген. Ал оқушылардың үлгеріміне қатысты тарихи деректерден айырылып қалу қаупі мектептерді сақтық танытуға мәжбүрлеген.
Соның салдарынан білім беру ұйымдары уақытша бұрынғы платформада қалуға мәжбүр болды.
Осыдан кейін BilimClass платформасын алдымен Алматыдағы жаңадан ашылған мектептерде апробациядан өткізу туралы шешім қабылданды.

15 мектептегі апробация және білім басқармасының шешімі
BilimClass алдымен 15 мектепте іске қосылды. Мектеп қызметкерлері платформамен жұмыс істеуге оқытылып, жүйенің артықшылықтары нақты тәжірибе арқылы көрсетілді.
Дәл осы кезеңде алынған нақты мектептердің пікірлері кейін шешуші рөл атқарды.
«Біз платформаны алдымен 15 мектепте іске қосып, қызметкерлерді оқыттық, шешімдеріміздің басқа жүйемен салыстырғандағы артықшылықтарын көрсете алдық. Нақты мектептердің пікіріне сүйене отырып, білім басқармасы өз бастамасымен қаланың барлық мектебін BilimClass-қа көшіру туралы шешім қабылдады. Мекеме платформаның мектептерге ыңғайлы болуына, ақпараттық қауіпсіздік және деректердің сенімді сақталуына баса назар аударды. Біздің платформа бұл талаптарға толықтай сай. Оған қоса, мектептерді оқу жылының ортасында BilimClass платформасына ауыстырып жатқанымыз бірінші рет емес, бұл процесті барлық қолданушылар үшін оңай және жайлы етуге әрқашан барымызды саламыз. Қазіргі таңда біздің платформаны Қазақстанның 11 өңіріндегі мектептер пайдаланып отыр», — дейді Bilim Group компаниясының CEO-сы Александр Савченко.
«Сот тыйым салды» деген ақпаратқа түсініктеме
Платформаға көшу аясында әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат құралдарында бәсекелес ұйымның талабы бойынша сот Алматы мектептерінің BilimClass-қа көшуіне тыйым салды деген ақпарат тарады.
Bilim Group бұл мәліметтерді жалған деп атайды.
Александр Савченконың айтуынша, мұндай сот шешімі жоқ. Тек қателер түзетілген ұйғарым ғана бар.
Қазіргі таңда BilimClass қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, ал заң тұрғысынан ешқандай мәселе жоқ.
«Біз жалған ақпарат таратумен айналыспаймыз және қоғамды да, платформамыздың пайдаланушыларын да жаңсақ ойға жетелеуден аулақпыз. Біз өз жұмысымызды жақсы атқарып, нарықта бәсекеге қабілетті жаңа шешімдер ұсынуға тырысамыз. Сонымен қатар өз жұмысымызда заң талаптарына қатаң сүйенеміз», — деп атап өтті Bilim Group компаниясының басшысы Александр Савченко.
Мұғалімдер мен ата-аналарға көрсетілетін қолдау
Компания басшысының айтуынша, үшінші тоқсан басталмай тұрып мұғалімдерге BilimClass-пен жұмыс істеу бойынша алдын ала оқыту сабақтары өткізілген.
Сонымен қатар платформа командасы мектептер мен мұғалімдерге күнделікті қолдау көрсетіп келеді.
Ал ата-аналар үшін арнайы қолдау қызметі тұрақты түрде жұмыс істеп тұр.

Тәуелсіз сауалнама нәтижелері
BilimClass-тың тиімділігін дәлелдейтін маңызды көрсеткіштердің бірі — тәуелсіз сауалнама нәтижелері.
Бұл сауалнаманы Қазақстанның он өңіріндегі білім басқармалары жүргізген. Оған 46 636 мұғалім және 139 439 ата-ана қатысқан.
«Біз нарыққа үздік шешім ұсынып отырғанымыздың бірден-бір дәлелі — он өңірдегі білім басқармалары жүргізген тәуелсіз сауалнама нәтижелері. 46 636 мұғалім мен 139 439 ата-ананың ішінде пайдаланушылардың 66,4%-і мен 59,4%-нің таңдауы BilimClass-қа түскен», — деп түсіндірді Bilim Group компаниясының басшысы Александр Савченко.
Толықтай отандық әзірлеме
BilimClass — толықтай қазақстандық платформа. Жүйе Bilim Group-тың өз әзірлемелері негізінде жасалған және ешқандай шетелдік шешімдер қолданылмаған.
Платформа жарнамасыз, тегін әрі оқу процесінің барлық қатысушысына пайдалы көптеген функцияны қамтиды.

EdTech нарығы және жауапкершілік
Компания өкілдерінің айтуынша, білім беру технологиялары нарығы шын мәнінде білім сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс.
«EdTech нарығы білім сапасын жақсартуға барын салуы керек, алайда этика мен заң аясында әрекет етуге тиіс. Сондықтан біз нарықтың барлық өкілін адал, ашық және Қазақстан мектептеріне пайда тигізу бағытында жұмыс істеуге шақырамыз», — деп түйіндеді Александр Савченко.
Электрондық журналмен ғана шектелмейді
BilimClass-қа көшкен мектептер, мұғалімдер мен оқушылар тек электрондық журналға ғана емес, платформа ұсынатын өзге де пайдалы өнімдерге қол жеткізді.
Олардың қатарында:
- BilimLand — ТМД аумағындағы ең ірі цифрлық білім беру контент қоры
- iTest — ҰБТ-ға дайындалуға арналған онлайн-тренажер
- iMektep — бастауыш сыныптарға арналған қазақ тіліндегі видеосабақтар
Платформаны кім әзірледі
BilimClass платформасын Қазақстандағы жетекші IT холдингтердің бірі — Bilim Group әзірлейді.
Холдинг құрамына BilimLand, OnlineMektep, BilimKids, iTest, BilimUstaz, Kitap.kz және SmartNation жобалары кіреді.
Қазіргі таңда BilimClass платформасы Қазақстанның 11 өңіріндегі мектептерде қолданылады, ал Алматыдағы жаппай көшу отандық EdTech саласындағы ең ірі кейстердің бірі саналады.
