Алдағы үш күнде Қазақстанның ірі қалаларында қыс өз мінезін айқын көрсетеді. 22-24 қаңтар аралығында елдің солтүстігінде қатты аяз бен боран күтілсе, оңтүстікте ауа райы жұмсақтау болғанымен, жауын-шашын мен қатты жел мазалайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Астана: аяз күшейіп, боран жалғасады
Елордада нағыз қаңтардың қысы орнайды. 22 қаңтарда Астанада ауа райы құбылмалы бұлтты болады, аздаған қар жауады, жер бетімен ұйытқыған боран байқалады. Солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы 9-14 м/с-қа дейін жетеді. Түнде ауа температурасы -21…-23 градусқа дейін төмендеп, күндіз -17…-19 градус шамасында сақталады.
23 қаңтарда қар мезгіл-мезгіл жауып, төменгі боран күшейеді. Түнде -22…-24 градус, күндіз -18…-20 градус аяз күтіледі.
24 қаңтарда аяз шегіне жетеді. Түнде температура -23…-25 градусқа дейін түссе, күндіз -15…-17 градус болады. Қар мен боран сақталады, жел бағыты солтүстік-шығыстан оңтүстік-шығысқа ауысады.
Алматы: тұман, көктайғақ және қар
Алматыда ауа райы салыстырмалы түрде жұмсақ болғанымен, жолдағы жағдай күрделене түсуі мүмкін. 22 қаңтарда жауын-шашын болмайды, бірақ тұман түсіп, жолдарда көктайғақ байқалады. Түнде -8…-10 градус, күндіз 0…-2 градус болады.
23 қаңтарда қар жауып, тұман мен көктайғақ күшейеді. Түнгі температура -10…-12 градусқа дейін төмендеп, күндіз -4…-6 градус болады.
24 қаңтарда қар негізінен түнде жауады. Таңертең және түнде тұман күтіледі, жолдар тайғақ болады. Күндіз ауа температурасы -2…-4 градус шамасында.
Шымкент: жауын-шашын, қатты жел және құбылмалы ауа райы
Елдің оңтүстігінде ауа райы ең тұрақсыз болады. 22 қаңтарда Шымкентте бұлтты ауа райы қалыптасып, жаңбыр мен қар жауады, төменгі боран, тұман және көктайғақ күтіледі. Күндіз кей уақытта жауын-шашын күшейеді. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Ауа температурасы түнде де, күндіз де 0…-2 градус шамасында болады.
23 қаңтарда түнде -5…-7 градусқа дейін салқындайды, күндіз -3…-5 градус болады. Қар, тұман және көктайғақ сақталады.
24 қаңтарда күндіз жаңбыр мен қар жауады. Түнде және таңертең тұман түсіп, көктайғақ байқалады. Түнгі температура -8…-10 градусқа дейін төмендеп, күндіз қайтадан 0…-2 градус шамасында болады.
Синоптиктер тұрғындарға және жүргізушілерге сақ болуды ескертеді. Боран, қатты жел мен көктайғақ салдарынан жолдағы жағдай күрт нашарлауы мүмкін.